Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы кім екені белгілі болды
Қазақстанның жаңа өнеркәсіп және құрылыс министрі әлі тағайындалған жоқ. Ерсайын Нағаспаев қызметінен кеткеннен кейін оның міндетін вице-министр Рахымжан Исақұлов атқарып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Министрдің міндетін кім атқарып жатыр?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі министрдің міндетін атқарушы Рахымжан Исақұлов 25 қарашада азаматтарды жеке қабылдағанын хабарлады.
Тұрғындар оған тұрғын үй құрылысының сапасы, мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) жұмысы және көппәтерлі үйлерді басқару мәселелері бойынша жүгінді.
Ведомство мәліметінше, Исақұлов азаматтардың өтінішін тыңдап, тиісті бөлімшелерге шешілуі қажет мәселелерді қосымша зерделеуді тапсырды.
Қазір ол ведомство басшысының міндетін атқарып жатыр.
Рахымжан Исақұлов туралы не белгілі?
Рахымжан Исақұлов 1987 жылы 5 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. 2010 жылы "Болашақ" бағдарламасымен Лондон университетінің Royal Holloway колледжін экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірген. 2016 жылы Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтында мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолын 2010 жылы Президент кеңсесінде бастаған.
2013-2018 жылдар аралығында Президент әкімшілігінде түрлі лауазымда қызмет атқарды, соның ішінде мемлекеттік инспектор болып жұмыс істеді.
Кейін Батыс Қазақстан облысы және Астана қаласы әкімдерінің аппараттарын, сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аппаратын басқарды.
2023 жылғы қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысы болды. 2024 жылғы 15 қарашада Исақұлов өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі болып тағайындалды.
Министрлікті бұған дейін кім басқарды?
Бұған дейін ведомствоны Ерсайын Нағаспаев басқарған болатын. 24 қарашада Президент оны өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатты. Сол күні ол "Қазақстан темір жол" басшысы болып тағайындалғаны хабарланды. Мұндай шешімді "Самұрық-Қазына" қорының басқармасы қабылдады.
Нағаспаев алғаш рет Өнеркәсіп министрлігінің тізгінін 2025 жылғы 28 ақпанда ұстады. Кейінірек, 2026 жылғы 3 қыркүйекте, Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғаннан кейін Тоқаев оны қайтадан министр етіп тағайындады.