72 жастағы әйелден 10 литр сұйықтығы бар ісік алып тасталды
Алматы облысында дәрігерлер 72 жастағы зейнеткердің денесінен алып ісікті алып тастады. Дәрігерлердің айтуынша, ол әйелдің құрсақ қуысын түгелдей дерлік алып жатқан, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
Түйін және ауырсыну сезімі: не болды?
Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел ауруханаға ішінің төменгі жағындағы түйін мен ауырсыну сезіміне шағымданып түскен. Бұған дейін ол өзін нашар сезінгеніне қарамастан, медициналық тексеруден өтпеген.
Компьютерлік томография науқастың құрсақ қуысында алып ісік - кистома өскенін көрсетті.
Анықтама: Кистома - бұл ішінде сұйықтық немесе шырыш толған бір немесе бірнеше қуысы бар ісік.
Әйелдің жасын, ісіктің көлемін және клиникалық жағдайдың күрделілігін ескере отырып, дәрігерлер отаға әртүрлі бейіндегі мамандарды тарту туралы шешім қабылдады.
"Кистоманың көлемі өте үлкен болды": ота қалай өтті?
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының гинекологы Риза Керемқұлова бұл айтарлықтай күрделі клиникалық жағдай болғанын айтты:
"Ісік құрсақ қуысын түгелдей дерлік алып жатты. Кистоманың көлемі өте үлкен болды: салмағы шамамен бес келі және 10 литрге жуық сұйықтық. Мұндай жағдайларда дер кезінде диагноз қою, кәсіби тәсіл және әртүрлі бейіндегі мамандардың үйлесімді жұмысы өте маңызды".
Науқасқа медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілді.
Ауруханада тұрақты профилактикалық тексеруден өтудің маңыздылығын да еске салды. Дәрігерлердің айтуынша, іш аймағындағы тіпті шамалы түйін немесе мезгіл-мезгіл пайда болатын ауырсыну маңызды аурудың белгісі болуы мүмкін және мамандардың назарын қажет етеді.
Аяғы ауыр кезде миындағы ісікпен күрескен: қазақстандық әйелдің оқиғасы