Ақмола облысында жұмбақ жағдайда пойыз қағып кеткен ер адам қаза тапты
Ақмола облысында теміржол бойында тұрған ер адамды жүк пойызы қағып кетті. Машинист шұғыл тежегішті басқанымен, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz sinegor.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, машинист теміржол бойындағы адамды шамамен 300 метр жерден байқап, бірден шұғыл тежеуге көшкен. Алайда 47 вагоннан тұратын жүк пойызын бірден тоқтату мүмкін болмаған. Оқиға кезінде пойыз сағатына шамамен 64 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатқан.
Ер адам ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдайдан кейін пойыз қозғалысы тоқтатылды.
Кейін марқұмның жеке басы анықталды. Ол Шортанды ауылының тұрғыны болып шықты. Ер адам теміржолға не себепті шыққаны, жақындап қалған пойыз бен машинист берген дыбыстық белгілерге неліктен назар аудармағаны әзірге белгісіз. Мұның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайды.
Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, биыл 19 қарашада Астана станциясындағы көлік полициясы басқармасы теміржол көлігінің қозғалыс немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды.