Зейнетақы қорына бірден қомақты қаржы салып, жоғары зейнетақы алуға бола ма? БЖЗҚ жауабы
Жылдар бойы зейнетақы жарнасын аудармай, зейнетке шығар алдында шотқа бірден қомақты ақша салып, қомақты зейнетақы алуға бола ма? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мұндай тәсілдің қаншалық тиімді екенін және зейнетақы төлемдерінің қалай есептелетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Міндетті зейнетақы жарнасын көбейтуге бола ма?
Міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері қызметкердің ресми жалақысына тікелей байланысты. Сондықтан қызметкер де, жұмыс беруші де белгіленген мөлшерден артық ақшаны өз қалауынша аудара алмайды.
Оның үстіне, заңда жарна есептелетін табыстың ең жоғары шегі белгіленген. Бір жұмыс берушіден алынатын, зейнетақы жарнасы есептелетін айлық табыс ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. 2026 жылы бұл сома - 4 250 000 теңге.
Анықтама: Қазақстанда зейнетақы жарнасының үш түрі бар. Біріншісі - міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ). Оның мөлшері - қызметкер табысының 10 пайызы. Екіншісі - жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ). 2026 жылы оның мөлшері 3,5 пайызға тең. Үшіншісі - міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ). Оның мөлшері - 5 пайыз. Бұл жарнаны жұмыс беруші еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлері үшін аударады.
Егер адам белгілі бір уақыт ресми жұмыс істемесе, сол жылдардағы аударылмаған жарналарды кейін бірден төлеп, орнын толтыра алмайды. Бұған тек бір жағдайда жол беріледі. Егер жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан зейнетақы жарнасын ұстап қалып, бірақ қорға аудармаған болса, берешек өсімпұлымен бірге салық органдары арқылы өндіріліп алынады.
Зейнетақы шотына міндетті жарнадан бөлек ақша салуға бола ма?
Зейнетақы жинағын міндетті жарналардан бөлек толықтырудың заңды жолы бар. Ол – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ). Бұл жағдайда ақша аударуға қатысты шектеу жоқтың қасы. Азамат шотына ай сайын да, бір жолғы төлеммен де қалаған сомасын сала алады. Тіпті өзіне ғана емес, жақын туыстарының атына да жарна аударуға мүмкіндік бар.
Алайда бұл тәсілдің екі маңызды ерекшелігі бар. Сондықтан зейнетке шығар алдында қомақты қаржы салу арқылы жоғары зейнетақы алуға кепілдік жоқ:
1. Инвестициялық табыс жинақталуға үлгермейді.
Болашақ зейнетақының мөлшері шоттағы ақшаның көлеміне ғана емес, оның қанша уақыт инвестицияланғанына да байланысты. Зейнетақы жинағын Ұлттық банк немесе жеке инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) басқарады.
Егер азамат зейнетке шығуына бір-екі жыл қалғанда ғана шотына қомақты ақша аударса, бұл қаражат айтарлықтай инвестициялық табыс әкеліп үлгермеуі мүмкін.
"Зейнетақы жинағының жалпы көлемін арттыруда инвестициялық табыстың үлесі зор. Оның мөлшері аударылған жарнаның көлеміне ғана емес, қанша уақыт бойы жинақталғанына да байланысты. Адам жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым ұзақ қатысса, оның шотындағы инвестициялық табыс та соғұрлым жоғары болады", - деп түсіндірді БЖЗҚ өкілдері.
2. Базалық зейнетақыға әсер етпейді. Ерікті түрде аударылған жарналар зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептелмейді. Яғни олар БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақының мөлшерін ғана арттырады. Ал мемлекет төлейтін базалық зейнетақыға әсер етпейді.
"Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу адамның алатын жалпы зейнетақы мөлшеріне әсер етеді. Өйткені тұрақты аударылған зейнетақы жарналары еңбек өтілі мен табысты растайды. Бұл өз кезегінде базалық зейнетақының мөлшеріне және ынтымақты зейнетақының есептелуіне ықпал етеді", - деп нақтылады қордағылар.
БЖЗҚ-дан ең көп дегенде қанша алуға болады? Қордан төленетін төлемдердің ең жоғарғы шегі жоқ - ең төменгі шектен айырмашылығы (2026 жылы бұл 35 596 теңге немесе күнкөріс деңгейінің 70 пайызы).
Зейнетке шыққан алғашқы жылы барлық жиналған сома 6,5 пайызға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді, ал кейіннен шоттағы ақша таусылғанша төлем жыл сайын 5 пайызға индекстеліп отырады.
Неліктен зейнетке шығар алдында қомақты ақша салу жоғары зейнетақы алуға кепіл болмайды?
Зейнетақы Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған үйреншікті жалақының кем дегенде 40 пайыз болуы керек. Мұндай деңгейге жету үшін зейнетақы жарналары бүкіл еңбек жолында тұрақты түрде, жылына 12 рет аударылып отыруы қажет.
"Жинақтаушы зейнетақы жүйесінен жеткілікті мөлшерде төлем алу үшін белгілі бір кезеңде ғана қомақты жарна аудару жеткіліксіз. Зейнетақы жинағын қалыптастыруда тұрақтылық пен жүйелілік маңызды", - деп атап өтті БЖЗҚ.
Демек, жылдар бойы бейресми жұмыс істеп, зейнетке шығар алдында барлық жарнаның орнын бір қомақты төлеммен толтыру мүмкін емес.
"Егер қызметкер белгілі бір уақыт жұмыс істемесе, өткізіп алған кезең үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлей алады. Алайда зейнетке шығар алдында бір рет қомақты ақша аудару жинақтаушы зейнетақы мөлшерін айтарлықтай өзгерте алмайды. Өйткені төлем көлемі шотқа қанша ақша түскеніне ғана емес, оның қанша жыл бойы жинақталғанына және Ұлттық банк немесе таңдалған басқарушы компанияның басқаруымен қанша инвестициялық табыс түскеніне де байланысты", - деп түйіндеді зейнетақы қоры.
Болашақ зейнетақының мөлшерін қалай есептеуге болады?
Азаматтар еңбек өтілі мен аударылған зейнетақы жарналарын ескере отырып, болашақта қанша зейнетақы алатынын алдын ала есептей алады.
Ол үшін БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы "Зейнетақы калькуляторын" пайдалануға болады.