2026 жылдың аяғында коммуналдық қызмет ақысы өсуі мүмкін
Жыл аяғында Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері өсуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тарифтерді көтеру жыл аяғына шегерілді
Азамат Әмриннің айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк ақылы қызметтер бағасының өсуін тежеуге келіскен. Бірлескен жоспарға сәйкес, бұл санаттың жалпы инфляцияға қосатын үлесі бір пайыздан аспауы тиіс.
Бұл ретте көктем мен жазда жекелеген коммуналдық тарифтердің көтерілуі инфляцияға 0,47 пайыздық тармақ қосты.
"Алдын алу шараларын жалғастыру мақсатында біз қазір тарифтердің барлық өсімін жыл аяғына, желтоқсанға қарай жылжытуға тырыстық", – деп толықтырды бірінші вице-министр.
"Тарифтерді көтерудің нақты жүйесі бар"
Бұған дейін Қазақстанда халық пен бизнес үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеу мақсатында коммуналдық қызмет тарифтерін кезең-кезеңімен көтеру жалғасатыны хабарланған болатын. Сондай-ақ Үкіметте Астанада жылу мен су қаншалықты қымбаттағаны және бұл инфляцияға қалай әсер ететінін айтылды.
Журналистер премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен коммуналдық тарифтердің өсуі шығындардың артуына байланысты кейбір компаниялардың жабылуына әкеп соғуы мүмкін бе деп сұрады. Шенеуніктің айтуынша, мұндай қауіп жоқ.
"Бізде тарифтерді көтерудің нақты жүйесі бар. Біз бәрін есептеп, өзгерістерді кезең-кезеңімен бөлу үшін үш айлық мораторийді пайдаландық. Астанада жылу тарифі шамамен 15 пайызға, су және су бұру тарифі 20–25 пайызға өсті. Бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу үшін өңірлерде тарифтерді біртіндеп көтереміз. Жалпы алғанда, инфляцияға қосатын үлесі 0,3 пайыздан аспайды", – деп жауап берді Жұманғарин биыл мамырда Үкіметте өткен брифингте.
Еске сала кетейік, 1 сәуірден бастап Қазақстанда Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар аясында былтыр қазанда енгізілген коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеруге арналған мораторий қолданысы аяқталды.
Тағы оқыңыз:Астанада электр энергиясы қымбаттайды