Жауынгерлік рух пен спорттық шеберлік тоғысқан орта
Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери-спорт колледжінде жастардың дене шынықтыру дайындығымен қатар, әскери-қолданбалы дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі. Оқу орнының бастығы полковник Ержан Қабышев колледждегі білім беру жүйесі, оқу-жаттығу үдерісінің ұйымдастырылуы, тәрбиеленушілердің жетістіктері мен болашақ әскери қызметке даярлау бағыттары жайлы әңгімелеп берді.
Алматы қаласында орналасқан колледж жастарды физикалық тұрғыдан шыныққан, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары және рухы мықты азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған. Мұнда жалпы білім беру пәндері әскери және спорттық даярлықпен ұштастырылады.Полковник Ержан Қабышевтің айтуынша, оқу үдерісінің басты ерекшелігі – тәрбиеленушілердің спорттық әлеуетін дамытумен қатар, оларды әскери қызметке қажетті машықтарға баулу.
Колледжге негізгі орта білім базасында, яғни 9-сыныптан кейін қабылданған жастар екі мамандық бойынша білім алады. Олар – "Дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы" және "Барлау, десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару". Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай.
Оқу барысында білім алушылардың дене дайындығын жетілдіруге, төзімділігін арттыруға, шешім қабылдау қабілетін дамытуға және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Әскери бағыттағы даярлық олардың тәртіпке бейімделуіне, жауапкершілік пен ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Колледж әскери-спорттық бағыт бойынша алғашқы қабылдауын 2025 жылғы 1 қыркүйекте бастады. Қазіргі уақытта мұнда 254 тәрбиеленуші білім алады. Оның 156-сы – бірінші, 98-і – екінші курс тәрбиеленушілері.
Оқу орнының қалыптасу кезеңінде-ақ тәрбиеленушілер спорттық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, екінші курс тәрбиеленушісі Әсемхан Мансұр дзюдодан Астана қаласының чемпионы атанып, республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болып жүр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ол елордадағы "Үздік спортшы" номинациясына үміткер болды.
Мансұр Әсемхан
Ал Нұрболат Кәрімберді бокстан Алматы қаласында өткен ашық турнирдің қола жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Nomad MMA қалалық чемпионатында бірінші орын иеленді.
Нұрболат Кәрімберді
Бұл нәтижелер – тәрбиеленушілердің жүйелі дайындығы мен жаттықтырушылар еңбегінің жемісі. Спорттық жетістіктер олардың әлеуетін көрсетіп қана қоймай, колледждегі даярлық жұмысының нәтижесін де айқындайды.
Бауыржан Момышұлының есімін иеленген оқу орны алдағы уақытта да спорттық шеберлігі жоғары, әскери-қолданбалы дағдыларды меңгерген, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқаруға дайын жас буынды тәрбиелеуді көздейді.