Қазақстандық клуб “Барселонамен“ өткен матчтен кейін ЧЛ плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шықты
Топтық кезеңдегі матчте Қазақстан командасы 1:6 есебімен ұтылды, алайда алғашқы ойында Словакияның "Лученец" клубын 6:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.
Өз кезегінде "Лученец" Швейцарияның "Минерва" командасына есе жіберіп, плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылды, себебі турнир регламенті бойынша топтағы төрт команданың үшеуі 1/8 финалға шығады.
Осылайша, топтық кезең аяқталуға бір тур қалғанда, "Семей" плей-оффқа жолдаманы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Семей" футзал клубының | Futsal Club Semey (@fcsemey) жариялаған жазбасы
Футзалдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде тағы екі қазақстандық команда болады
Айта кетейік, тағы бір қазақстандық клуб - алматылық "Қайрат" та плей-оффқа мерзімінен бұрын шықты. Бұл Румынияның "Юнайтед Галац" клубы қаржылық себептерге байланысты турнирге қатыса алмай, үш ойында 0:5 есебімен техникалық жеңіліске ұшырағаннан кейін белгілі болды.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Kairat Futsal (@afckairat) жарияланымы
Футзалдан Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жеребе тарту рәсімі 4 қарашада өтеді, ал 23 қараша мен 4 желтоқсан аралығында 1/8 финал матчтері ұйымдастырылады.
Еске сала кетейік, өткен маусымда да қос қазақстандық команда плей-оффта өнер көрсетіп, 1/4 финалға дейін жеткен болатын, онда олар "Картахена" мен "Этуаль" клубтарынан жеңіліп қалған еді.
Бұған дейін "Семей" мен футзалдан Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген болатын.
Ал УЕФА Қазақстанды футзалдан Еуропа чемпионатын өткізуге үміткер елдердің тізіміне қосты.