Грузияда көлігінен дәрі табылған қазақстандық 16 жылға сотталды
Грузияда сот көлігінің дәрі қобдишасында ауырсынуды басатын препарат алып жүрген қазақстандық Иван Чекулаевты 16 жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі sinegor.kz парақшасына сілтеме жасап.
Щучинск қаласының тұрғыны, жүк көлігінің жүргізушісі биыл сәуірде Грузияның Поти портында ұсталған. Ер адам белі қатты ауыратындықтан, өзімен бірге күшті ауырсынуды басатын дәрі алып жүрген. Алайда Грузияда бұл препарат психотроптық және есірткі заттарының қатарына жатқызылған.
Жүргізуші қамауға алынған. Содан бері бес ай бойы оның жұбайы Юлия әділдікке қол жеткізіп, күйеуін елге қайтаруға тырысқан. Бұл іске Бурабай ауданының әкімдігі мен прокуратура өкілдері де араласқан.
Алайда дәріні Иванға Германиядағы дәрігердің жазып бергенін дәлелдеу мүмкін болмаған. Енді қазақстандықтың туыстары сот үкіміне шағымданбақ. Грузия заңнамасына сәйкес, апелляциялық шағым түсіруге бір ай уақыт беріледі.
"Қазір Юлия Иванға қатысты сот шешіміне шағым түсіруге көмектесетін адвокат іздейді", – делінген жарияланымда.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі консулдық қызметкерлердің қамауда отырған азаматқа барып, жағдайын білгенін, сот отырыстарына қатысқанын және адвокат табуға көмектескенін мәлімдеді. Сондай-ақ, олар Иванның туыстарымен тұрақты байланыста екенін және алдағы уақытта да оған консулдық-құқықтық көмек көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.