Балалармен танысқан: Шымкентте “14 жастағы“ ер адам ұсталды
Шымкентте Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері алдын ала мәлімет бойынша интернетте өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырып, балалармен танысқан ер адамды ұстады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өзін жасөспірім ретінде таныстырған
ІІМ мәліметінше, ер адам интернет-мессенджерлер арқылы 10 мен 12 жас аралығындағы балалармен танысып, олардың сеніміне кірген.
Анықталған эпизодтардың бірінде ол онлайн-ойын арқылы бір қыз баламен танысқан. Осыдан кейін ер адам оның телефон нөмірін сұрап алып, WhatsApp желісінде сөйлесуді жалғастырған.
Полицияның мәліметінше, хат алмасу кезінде ол түрлі сылтаумен баладан интимдік сипаттағы фотосуреттер мен видеожазбалар жіберуді сұраған.
Ер адам ұсталды
"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қала тұрғыны ұсталды. Ол кінәсін мойындап, түсінік берді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ер адамның осыған ұқсас басқа да деректерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
ІІМ ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне баса назар аударуға, олардың әлеуметтік желілердегі, онлайн-ойындар мен мессенджерлердегі қарым-қатынасын бақылауға және кәмелетке толмағандарға цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіруге шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы пікір білдірген болатын. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың психологиялық әл-ауқатына қамқорлық жасаудың маңыздылығын атап өткен еді.
Кейінірек депутаттар 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеуді ұсынды. Депутаттық сауалда балалардың әлеуметтік желілерді, онлайн-ойындар мен мессенджерлерді белсенді пайдаланатыны, ал цифрлық орта олардың психологиялық жағдайы мен қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екендігі атап өтілді.