Блогер Ерболат Жанәбілов сот алдында қайта жауап береді
Қазақстандық блогер Ерболат Жанәбілов сот алдында қайта жауап береді. Бұл жолы іс блогер мен оның жұбайы Эльмира Төлегенова арасындағы жанжалға байланысты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот отырысы бүгін, 1 қазанда сағат 16:00-де Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.
Күні кеше Жанәбіловтер отбасы Эльмира Төлегенованың әлеуметтік желідегі жазбаларынан кейін жұрт назарына тағы ілікті. Блогер жұбайымен болған жанжал туралы айтып, одан және оның туыстарынан киім бөлмесіне тығылып, есікті ішінен іліп алғанын мәлімдеді. Видеода ол қолы қызарғанын да көрсеткен.
Кейін Төлегенова күйеуі тарапынан физикалық зорлық-зомбылық болмағанын нақтылады. Оның айтуынша, жұбайы екінші телефонын тартып алмақ болған соң, ол киім бөлмесіне қамалып алған. Сондай-ақ блогер қазір ажырасу процесі жүріп жатқанын хабарлады.
Астана полиция департаменті 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде аталған жазбаны анықтағанын хабарлады. Оқиға орнына барған полицейлер отбасылық-тұрмыстық жанжал фактісін растады.
Төлегенова арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, оның күйеуіне қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша шешімді сот қабылдауы тиіс.
Бұған дейін Ерболат Жанәбілов пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны белгілі болған: 28 тамызда сағат 22:00-ден кейін ол көрсетілген мекенжайда болмаған. Бұл факт бойынша материалдар да сотқа жолданды.
Жанәбіловтерге қатысты қылмыстық іс
2024 жылдың сәуірінде Астана соты заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру ісі бойынша Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға үкім шығарған болатын.
Ерболат Жанәбілов бүкіл мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Эльмира Төлегеноваға екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, алайда жазаның орындалуы екі жылға шегерілді.