“Бұл жеке мәселе деп есептеймін“: Жанәбіловтің ісі бойынша сотқа БАҚ қатыспайды
Астанада блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты әкімшілік іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Процеске шақырылған журналистерден залдан шығу сұралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әкімшілік сот ғимаратына келген Ерболат Жанәбілов сот талқылауының журналистердің қатысуынсыз өтуін сұрады.
"Құрметті сот, мен бұл жеке мәселе деп есептеймін", - деді блогер.
Instagram желісінде 8,2 миллион оқырманы бар блогер өзін бейнежазбаға түсірмеуді талап етті. Оның жұбайы Эльмира Төлегенова сот отырысына бейнебайланыс арқылы қатысып, жеке қарым-қатынас құпия қалуы тиіс екенін атап өтіп, бұл шешіммен келісті.
Судья журналистерден сот залынан шығуды сұрады.
Әлеуметтік желідегі видео, полиция және тұрмыстық жанжал
Күні кеше Жанәбіловтер отбасы Эльмира Төлегенованың әлеуметтік желідегі жазбаларынан кейін тағы жұрт назарына ілікті. Блогер жұбайымен болған жанжал туралы айтып, одан және оның туыстарынан киім бөлмесіне тығылып, есікті ішінен іліп алғанын мәлімдеді. Видеода ол қолы қызарғанын да көрсеткен.
Кейін Төлегенова күйеуі тарапынан физикалық күш көрсету болмағанын нақтылады. Оның айтуынша, жұбайы екінші телефонын тартып алмақ болған соң, ол киім бөлмесіне қамалып алған. Сондай-ақ блогер қазір ажырасу процесі жүріп жатқанын хабарлады.
Астана Полиция департаменті 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде аталған жазбаны анықтағанын хабарлады. Оқиға орнына барған полицейлер отбасылық-тұрмыстық жанжал дерегін растады.
Төлегенова арыз жазудан бас тартқанына қарамастан, оның күйеуіне қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша шешімді сот қабылдауы тиіс.
Бұған дейін Ерболат Жанәбілов пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны белгілі болған: 28 тамызда сағат 22:00-ден кейін ол көрсетілген мекенжайда болмаған. Бұл факт бойынша материалдар да сотқа жолданды.
Тағы оқыңыз: Блогер Ерболат Жанәбілов сот алдында қайта жауап береді