Астанада 25 жылдан кейін электр пойыздары пайда болады
Астанада алдағы 25 жылда қалалық электр пойыздарын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба елорданың Бас жоспарында қарастырылған. Жобаның егжей-тегжейі мен жүзеге асыру мерзімдері – Tengrinews.kz материалында.
Жаңа станциялар қай жерде салынады?
Астанадағы теміржолды тек алысқа қатынайтын пойыздар үшін ғана емес, сонымен қатар қала ішіндегі күнделікті сапарлар үшін де пайдалану ұсынылып отыр. Жоспар бойынша қалалық электр пойыздары жерүсті метросы рөлін атқарып, елорданың түрлі аудандарын байланыстырады. Бұл туралы қаланың Бас жоспарында айтылған.
Жобаны жүзеге асыру үшін төрт жаңа станция салу көзделген:
Қарағанды бағытына шығаберістегі "Қарағанды" хабының құрамында;
Мұстафин көшесімен қиылыста;
Пушкин көшесімен қиылыста;
Бөгенбай батыр даңғылымен қиылыста жоспарланған.
Тұрғындарға станцияларға жету ыңғайлы болуы үшін автобус маршруттарын ұйымдастыру, пойыздар арасындағы қысқа интервалдарды қамтамасыз ету және екі шақырым радиуста тұрғын және коммерциялық құрылысты дамыту көзделіп отыр.
Қанша пойыз қатынайды?
Әкімдіктің Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында 2050 жылға қарай шамамен бес пойызды іске қосу жоспарланғаны, олардың әрқайсы 500-ге дейін жолаушы тасымалдай алатыны айтылған.
"Бұл ретте жаңа теміржол желілерін салу талап етілмейді. Қолданыстағы Астана-1 – Нұрлы жол теміржол бағытын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Станцияларды қаланың негізгі магистральдарымен қиылысқан жерлерде, соның ішінде Пушкин және Қошқарбаев көшелері маңында орналастыру жоспарланып отыр", – деп хабарлады әкімдік.
Сондай-ақ, бұл бағыт "қаланың көлік жүйесін ұзақ мерзімді дамыту және кейінгі қаржыландыру жоспарлары аясында" қарастырылып отырғаны айтылды.
Бұған дейін Астананың Бас жоспары жаңартылған болатын. Үкімет жаңа нұсқаны бекітіп, қаулыны жариялады. LRT қалай салынады, 10 жылдан кейін Астанада қанша тұрғын болады, тұрғын үй нарығында қандай өзгерістер күтіледі және бір адамға қанша шаршы метрден келеді – толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.
Тағы оқыңыз: LRT Астанадағы пәтер құнына қалай әсер етті: Ұлттық банк зерттеуі