Қазақстандықтарға өз активтерінің бір бөлігін ерікті түрде ашу ұсынылады
Қазақстанда цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету механизмі әзірленеді. Азаматтар мен компаниялар бұған дейін өндірілген немесе сатып алынған криптоактивтерін лицензияланған қазақстандық платформаларға аудара алады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл механизмді 2026 жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланған.
"Жеке және заңды тұлғалар бұған дейін өндірілген немесе сатып алынған активтерін лицензияланған қазақстандық платформаларға аудара алады. Барлық процесс қаржылық мониторинг талаптарына сәйкес жүргізіледі", - деді Байтұрсынов.
Вице-министр биліктің цифрлық активтерді Қазақстанның реттелетін нарығына тартуды көздеп отырғанын түсіндірді.
"Біздің ұстанымымыз қарапайым: тыйым салу емес, реттеу", - деп атап өтті ол.
Активтерді ерікті түрде жария етудің егжей-тегжейлі шарттары әзірге айтылмады. Атап айтқанда, иелерінен қандай құжаттар талап етілетіні, активтердің шығу төркінін растау қажеттілігі, бұл механизмнің шетелдік платформалардағы қаражатқа қатысты болатын-болмайтыны және оны қашан пайдалануға болатыны белгісіз.
Салықтық жеңілдіктер
Тағы бір бағыт салықтық ынталандыру болмақ. Байтұрсыновтың сөзінше, қазақстандық провайдерлер арқылы жүргізілген цифрлық активтермен операциялар бойынша жеке тұлғалар жеке табыс салығынан босатылады.
Бұл норма 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады деп болжанады.
"Бұл - азаматтардың шетелдік платформалардан Қазақстанның реттелетін нарығына өтуіне тікелей ынталандыру", - деп толықтырды вице-министр.
Мұнай кен орындарындағы майнинг
Үшінші бағыт тікелей кен орындарында электр энергиясын өндіру үшін ілеспе мұнай газын пайдаланумен байланысты.
Байтұрсыновтың түсіндіруінше, бүгінде мұндай газдың бір бөлігі толық пайдаланылмайды - ол не жағылады, не қабатқа қайта айдалады. Билік бұл ресурсты цифрлық майнинг үшін электр энергиясын өндіруге бағыттауды ұсынып отыр.
Ол үшін майнер жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт жасасып, тікелей кен орнына автономды электр станциясын орната алады. Вице-министрдің айтуынша, мұндай схема бірыңғай энергожүйеге қосымша жүктеме түсірмеуі тиіс.
Бұл механизм газды жағу көлемін азайтуға, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 7 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды.