“Пунктке апармай ма?“: Талдықорған әкімдігі ит аулауға қатысты даулы видеоға жауап берді
Әлеуметтік желілерде Талдықорғанда түсірілген видео пайда болды. Видео авторы бригаданың иттерді заңсыз аулап, кейін оларды уақытша ұстау пунктіне апармай, етке өткізеді деп мәлімдеді. Әкімдік бұл айыптауларға қатысты түсініктеме берді, -деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Саяжайларды аралап, иттерді жинап жүр": не болды?
Талдықорған тұрғыны әлеуметтік желіде ит аулау бригадасы түсірілген видеоны жариялады. Роликте ол қызметкерлер жануарларды ешқандай заңды негізсіз алып кетіп жатыр деп мәлімдейді.
"Міне, ит аулау қызметкерлері жұмыс үстінде. Күшікті ұстап алып, қылқындырып лақтырып жіберді. Көліктің ішіне, тіркемеге қараңыздаршы, тордың іші иттерге толы", – дейді видео авторы.
Оның айтуынша, бригада ешқандай шақыртусыз саяжай алаптарын аралап, көшедегі иттерді жинап жүр. Ол иттердің бір бөлігі уақытша ұстау пунктіне жетпей қалады деп болжайды.
"Оларды заңсыз аулап жатыр. Ешқандай шақырту жоқ, олар жай ғана саяжайларды аралап, көшеде жүрген иттерді жинай береді. Қандай ит болса да бәрібір. Ол иттер қайда? Иттерді аулау пунктіне жеткізбейді. Бір жерге, сірә, етке өткізіп жібереді", – делінген роликте.
Сонымен қатар видео авторы еттің сатылғанына қатысты ешқандай дәлел келтірмеген.
Басқарма не деп жауап берді?
Жетісу облыстық ветеринария басқармасы видеода 8 қыркүйек күні "Қызыл Тас" саяжай алабында жұмыс істеген бригада бейнеленгенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, мамандар ол жерге тұрғындардың өтінішінен кейін барған.
"Талдықорған қаласының "Қызыл Тас" саяжай алабы тұрғындарының өтініші бойынша 2026 жылғы 8 қыркүйекте "КөксуВет" ЖШС-нің иесіз иттерді аулау бригадасы жіберілді. Мамандар тиісті іс-шаралар жүргізіп, нәтижесінде 4 иесіз ит ауланды", – деп хабарлады басқарма.
Басқарма өкілдері барлық жануар Өтенай ауылындағы уақытша ұстау пунктіне жеткізілгенін айтады.
"Ауланған иттің иесі анықталған жағдайда, ол жануарға меншік құқығын растайтын тиісті құжаттарды ұсына отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен итті алып кетуге құқылы", – деп нақтылады ведомство.
"Етке өткізу" туралы не айтылды?
Ветеринария басқармасы мен әкімдік видео авторының "ауланған иттер етке өткізілуі мүмкін" деген айыптауын жоққа шығарды.
Онда бригаданың аулау және уақытша ұстау ережелеріне сәйкес жұмыс істегені атап өтілді.
"Аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 бұйрығымен бекітілген "Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандырудың үлгілік қағидаларына" сәйкес жүргізілді", - деп хабарлады басқармадан.