Иран америкалық суасты аппаратын қолға түсіргенін мәлімдеді
Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) Әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазына кіреберісте АҚШ-тың ұшқышсыз суасты аппаратын қолға түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.
ИРСК баспасөз қызметі таратқан жазбаша мәлімдемеде таң ата жүргізілген "күрделі операция" нәтижесінде АҚШ-қа тиесілі заманауи суасты аппараты анықталып, басып алынғаны атап өтілген.
Иран тарапының мәліметінше, бұл құрылғы – озық суасты технологияларымен жарақталған және 2025 жылы АҚШ флотына берілген ең заманауи интеллектуалды ұшқышсыз суасты аппараттарының бірі.
IRNA агенттігі Тегеран Ормуз бұғазына кіреберісте қолға түсірген суасты аппаратының бейнежазбасы мен фотосуреттерін жариялады.
Сонымен қатар The Guardian басылымының хабарлауынша, АҚШ әскерилері ұшқышсыз суасты аппаратының бір тәуліктен астам уақыт бұрын істен шыққанын мәлімдеді.
АҚШ Орталық қолбасшылығының өкілі, Әскери-теңіз күштерінің капитаны Тим Хокинс аппараттың ақауы болғанын және оның ескі модель екенін айтты. Оның сөзінше, құрылғы құпия деректер жинамаған және құпия гидролокациялық немесе радиолокациялық жабдықтармен жарақталмаған. Хокинс Ормуз бұғазындағы АҚШ-тың әскери операциялары жалғасып жатқанын алға тартты.
Еске сала кетейік, бұған дейін БАҚ беттерінде Таяу Шығыстағы АҚШ әскерилері ИРСК-мен байланысы бар деп есептейтін бірнеше ирандық танкерге соққы жасағаны туралы хабарланған болатын. Бұған жауап ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусы Кувейт пен Бахрейндегі мұнай танкерлеріне шабуыл жасайтынын айтып, сес көрсетті.