“Құдағи ақшаны қайтар деді“. Ұлдана Мырзуанның анасы 4,5 миллион туралы айтып берді
Астана сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Бүгін Ұлдананың анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарова жауап, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Прокурор Саяжан Серікова Ұлдананың күйеуі Әділет Зейнел бұған дейін сотта көмек ретінде алған 20 миллион теңгенің 4,5 миллионын марқұмның туыстарына бергені туралы айтқанын атап өтті. Осыған байланысты ол әйелден: "Сізге қаржылай көмек көрсетілді ме және бұл ақшаны өзіңіз алдыңыз ба?" – деп сұрады.
"Өздеріңізге мәлім, қызымның несиесі болды. Соны жапқымыз келген. Бірақ бізге мүмкіндік бермеді. 6 айдан кейін ғана болатынын айтты. Одан кейін еске алу астарын өткізу керек болды. Үлкен қызым бұл ақшаны Әділеттен сұрап алды, себебі мамырдан бастап Ұлдананың несиесін өзі төлейтін болды. Бұл қаражат ас беруге, ескерткіш орнатуға жұмсалды", - деді Сәлима Ешенқұлова-Омарова.
Сондай-ақ ол сотқа кейін олардан бұл ақшаны қайтару талап етілгенін жеткізді.
"Мамырда Әділеттің анасы хабарласып, әлгі 4,5 миллион теңгені қайтар деді. Егер бас тартсақ, сотқа жүгінетіндерін айтты", - деді марқұмның анасы.
Әйелдің айтуынша, ол құдағиынан мұндайды күтпеген.
"Құдағиым маған телефон соқты. Одан мұндайды күтпеп едім. Бұл ақша менікі де, оныкі де емес еді. Телефонда бүкіл хат-хабар сақталған. Қажет болған жағдайда ұсына аламын", - деп толықтырды Ұлдананың анасы.
Сонымен қатар әйел ауруханаға барған кезде өз қызын танымай қалғанын айтты.
Бүгін фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сотта жауап берді. Ер адам жұбайы қайғылы жағдайға ұшыраған күн туралы баяндады. Сондай-ақ ол сотқа жұбайының қазасы туралы қалай білгенін және әкімдікте алған 20 миллион теңге туралы хабарлады.
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот тікелей эфирде көрсетілетіні хабарланған еді. Келесі сот отырысы дүйсенбі, 24 тамыз сағат 10:00-де басталады. Трансляцияны Tengrinews.kz YouTube-арнасынан көруге болады.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі
18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Процеске екі мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов пен Саяжан Серікова, қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарова және марқұмның жұбайы Әділет Зейнел қатысуда.
Бұған дейін оның адвокаты Мұрат Мәуметов журналистерге Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен Ұлдананың анасының пайдасына бас тартатынын айтты. Алайда кейіннен сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Зейнелдің өзі журналистерге қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.
Сотталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы – "Міндеттерге адал қарамау" бойынша қаралып жатыр.
20 тамызда сотталушының адвокаты судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді. Алайда бұл өтініш қабылданбай, процесс жалғасты.
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олар №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Бір пациенттің жағдайы өте ауыр болды, оған ота жасалды. Тағы екі адам жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Қалған екі адам бөлімшеге орналастырылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Ең ауыр жарақат алған пациент - оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан болып шықты. Қыздың туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке ұмтылған. Олардың арасында бала, оның анасы және туысы болған. Ұлдана зардап шеккендерге қарай жүгірген кезде, "үстіне кірпіш мен кондиционердің бекіткіші құлаған". 18 қарашада ол ауруханада көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы "Сапасыз құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейін істе тағы бір бап пайда болды – 306-бап "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету".
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі, жанқиярлығы және міндетін үлгілі атқарғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Қазақстандықтар жедел жәрдем фельдшерімен қалай қоштасқаны туралы мына материалда.