Ресейде тағы бір Wildberries қоймасы өртенді
Өрт туралы не белгілі?
ASTRA және Exilenova+ Telegram-арналарының мәліметінше, өрт "Рязанский" индустриялық паркінің аумағында орналасқан Wildberries логистикалық орталығында болған.
Рязань облысының губернаторы Павел Малков өнеркәсіптік аумақтарда өрт шыққанын растады. Дегенмен, ол кәсіпорынның атауын нақтылаған жоқ.
"Ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) сынықтарының құлауы салдарынан өнеркәсіптік аумақтарда өрт шықты. Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр", - деп жазды жазды ол өзінің Telegram-арнасында.
Өңір басшысының айтуынша, оқиға салдарынан алты адам зардап шеккен.
"Қазіргі уақытта алты адам ауруханаға жатқызылды. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дәрігерлер қажетті көмек көрсетіп жатыр", - деп атап өтті губернатор.
Wildberries не дейді?
RWB баспасөз қызметі Рязаньдағы компанияның логистикалық нысанынан адамдардың эвакуацияланғанын мәлімдеді.
"Компанияның Рязаньдағы логистикалық нысаны қауіпсіздік талаптарына сәйкес эвакуацияланды", - делінген компания хабарламасында.
Wildberries қойманың жұмысы немесе келтірілген шығын көлемі туралы басқа мәліметтерді әзірге жарияламады.
Бұл маркетплейс жұмысына әсер ете ме?
Бұған дейін логистикалық нысандардағы бірқатар өрттерден кейін компания логистикалық процестерді қайта құрғанын, сондықтан маркетплейс жұмысы штаттық режимде жалғасатынын мәлімдеген болатын.
Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким бұған дейін пайдаланушылар тапсырыстарды әдеттегідей ресімдей алатынын, ал зардап шеккен қоймалардағы тауарлар витринадан алынып тасталатынын атап өткен.
"Біз командамен бірге сіздер үшін жұмысты жалғастырып жатырмыз және тауарларды уақытылы жеткіземіз. WB витринасында барлық нәрсеге тапсырыс беруге болады, зардап шеккен қоймалардағы тауарлар жасырылды. Біздің логистикалық инфрақұрылымымыз Wildberries-ті пайдалану бұрынғыдай оңай әрі ыңғайлы болуы үшін процестерді қайта құруға мүмкіндік берді", - деп хабарлады Татьяна Ким.
Сондай-ақ компания сатушылар үшін де қолдау шараларын, соның ішінде жекелеген қоймаларда тауарларды сақтауға жеңілдіктер мен өңірлік логистикалық орталықтарға транзиттік жеткізілімдер үшін ақыны алып тастау туралы жариялаған болатын.
Оқиғаның мән-жайы
Кейінгі күндері Ресейдің бірнеше өңіріндегі Wildberries нысандарында қатарынан өрт шықты.
Алдымен Тамбов облысының Котовск қаласындағы және Мәскеу облысының Электросталь қаласындағы логистикалық кешендерде өрт тіркелді. Ресми мәліметтер бойынша, сол кезде сегіз адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жараланған болатын.
Кейінірек компанияның Краснодар мен Ставрополь өлкесінің Невинномысск қаласындағы нысандарында да осындай жағдайлар болды. Өңірлік биліктің мәліметінше, Краснодарда үш адам, ал Невинномысскде бес адам зардап шеккен.
Осыдан кейін Ленинград облысы, Тверь және Симферопольдегі логистикалық нысандардан өрт туралы хабарламалар түсті. Сол кезде Wildberries Шушары мен Уткина Заводтағы логистикалық кешендердің жұмысы уақытша тоқтатылғанын хабарлап, Симферопольдегі сұрыптау орталығының қызметкерлері эвакуацияланғанын растаған еді. Компания қойма алаңдары мен тауарлардың бір бөлігін сақтап қалу мүмкін болғанын, ал негізгі күш логистикалық желінің тұрақты жұмысын сақтау үшін тауарларды қоймалар арасында қайта бөлуге бағытталғанын мәлімдеді.
Тағы оқыңыз: Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдан кейін қазақстандықтардың тапсырыстары не болады: компания жауабы