Іздеуде жүрген мерзімді қызметтегі сарбаз ұсталды: ол полицейлерге не айтқан?
Әскери полиция Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінен өз бетімен кетіп қалған мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгерді ұстады. Сарбаз облыс орталығынан 20 шақырым жерде қолға түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта әскери қызметші әскери полиция бөліміне жеткізілді. Оның өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ.
"Аталған дерек бойынша тексеріс жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, қызмет орнын өз бетімен тастап кетуге үйін сағынуы себеп болған", - делінген таратылған хабарламада.
Сондай-ақ тексеру барысында әскери қызметші командирлер мен әріптестері тарапынан жарғыдан тыс қарым-қатынас, сондай-ақ лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану деректері болмағанын мәлімдеді.
Бұған дейін 23 шілде күні сағат 06:30 шамасында 2004 жылы туған қатардағы жауынгер Мархан Айқын Ерланұлы қызмет орнын өз бетімен тастап кеткені хабарланған болатын. Әскери қызметші зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасының тәуліктік кезекшісі міндетін атқарған.