Астанада жедел жәрдемді жылдар бойы тонап келген: сот үкім шығарды
Астанада жедел медициналық жәрдем станциясында бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша үкім шығарылды. Тергеу мен сот станциядағы қаражаттың бірнеше жыл бойы ұрланғанын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Астана прокуратурасына сілтеме жасап.
2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры, бұрынғы көлік бөлімінің басшысы және қойма меңгерушісі міндетін қоса атқарған бұрынғы бас механик санитарлық автокөліктерді жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған.
Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған автокөліктер саны 149-дан 32-ге дейін қысқарып, дәрігерлердің жүріп-тұруы үшін такси жалдауға тура келген.
"Мемлекетке келтірілген жалпы залал 700 миллион теңгеден асты. Оның ішінде 440 миллион теңгеден астамы сот үкімімен өндірілді, ал такси қызметтеріне жұмсалған 300 миллион теңгеден астам қаражат азаматтық сот арқылы өндіріп алуға жатады", - деп хабарлады қадағалау органынан.
Сот үкімімен барлық тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 және 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сонымен қатар, олардың әрқайсына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.