“Есімдерін жариялаймыз“: Қазақстанда интернет треш-стримерлерден “тазартылып“ жатыр
Бірнеше қазақстандық стример үшін өзгелердің жан ауруынан "хайп" жасау, адам ұрлау және электршокермен пранк ұйымдастыру әрекеттері айыппұл және қамауға алумен аяқталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengri Life.
Ең қатаң жаза Шымкенттің 20 жастағы тұрғыны Данияр Сейдалиевке тағайындалды. Ведомство мәліметінше, ол аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электршокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырып, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған.
Сот оған сегіз тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Тағы бір жағдай Жамбыл облысында тіркелді. 19 жастағы Жарқынай Байбек пен Асылжан Танаберганов донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдарының назарына іліккендер қатарында TikTok-та "Бауырсақ" лақап атымен танымал Астананың 37 жастағы тұрғыны Индира Ештаева да бар. ІІМ ақпараты бойынша, тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды.
Ал Алматыда "Ақтөре" никнеймімен белгілі 32 жастағы Ақтөре Батырбек бес тәулікке қамауға алынды. Ведомство мәліметінше, ол стрим кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған.
Сондай-ақ TikTok-та "Алтын қыз" лақап атымен танымал Жамбыл облысының тұрғыны Лайло Касымоваға айыппұл салынды. ІІМ ол бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқанын хабарлады.
Министрлік дерегінше, барлығы тоғыз адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ІІМ мұндай трансляциялар танымалдылық пен қаралымнан табыс табу үшін жасалады деп санайды.
"Аталған азаматтар лайк, қаралым және донат үшін ештеңеден тайынбай, шектен шығып жатыр. TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлайды", - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Оның айтуынша, мұндай контентті балалар мен жасөспірімдердің тұрақты тамашалайтыны ерекше алаңдаушылық тудырады.
Ведомство интернеттегі анонимділік жауапкершіліктен құтқармайтынын атап өтті.
"Анонимді аккаунттың немесе телефон экранының ар жағында жасырынып қаламын деп ойламаңыздар. Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құрал бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Алдағы уақытта да құқық бұзушылардың есімдерін тек алдын алу және профилактикалық мақсатта жариялап, көрсететін боламыз", - деді Әлекешев.
Ол ІІМ мұндай заңбұзушылықтарды анықтауды және олардың авторларын жауапқа тартуды жалғастыратынын айтты. Министрлік өкілінің сөзінше, полиция әлеуметтік желілердегі заңсыз контентке шағымданған қолданушылардың өтініштерін де қарастырып жатыр.
Тағы оқыңыз: Алматылық танымал блогерлер жолдағы “шоу“ үшін жазаланады