Cartoon Network мультфильмінде “қазақтың тойы“ көрінісі пайда болды
Cartoon Network арнасының "Гамболдың ғажайып әлемі" атты танымал анимациялық шоуынан көрермендер Қазақстанға қатысты ұқсастықтарды байқап қалды, - деп хабарлайды Tengri Life
Не болды?
Қырағы көрермендер мультсериалдың 5-маусымындағы 28-бөліміне назар аударды. Ән айтылып жатқан сәттердің бірінде экранда қас-қағым сәтке бір көрініс пайда болады, оны фанаттар әлеуметтік желілерде қызу талқылай бастады.
Кадрдан ауылды, ұлттық киім киген кейіпкерлерді және қазақтың үйлену тойына ұқсайтын элементтерді көруге болады. Көрермендер кейіпкерлерді ат үстіндегі көшпенді қыз бен бай бейнесіндегі ер адам ретінде сипаттаған.
The Amazing World of Gumball мультсериалынан кадрлар
Желі қолданушыларының реакциясы
Бұл кадр желіге тарағаннан кейін авторлардың нақты нені көрсеткісі келгені туралы пікірталас басталды. Талқылау жазбасы 100 мыңға жуық қаралым жинап, желі қолданушылары түрлі болжам жасады.
"Бұл Орталық Азияға жасалған ишара болуы керек", "Мұның Қазақстанға қатысы барына кім шүбә келтіреді? Міне, аниматорлардың өздері жасаған дизайн мен атауы", "Бұл мультфильмді жақсы көремін, ол дұрыс бағаланбай қалған!", "Бұл нақ Қазақстан. Ер адамның бас киімі – қазақтікі", - деп жазды пікір қалдырушылар.
Шынымен де Қазақстанға сілтеме бар ма?
Қызықты дерек Behance.net платформасынан табылды. Онда "Гамболдың ғажайып әлемі" жобасының француз суретшісі Йоанн Хервоның бесінші маусым кейіпкерлеріне арналған концепт-арттары жарияланған. Олардың арасында Kazakh Wedding деп аталған G531 эскизі табылды.
Скриншот: behance.net сайты
Бұл нені білдіруі мүмкін?
Шоу авторлары тарапынан бұл кадрға қатысты ресми түсініктеме жоқ. Алайда Kazakh Wedding деп аталған концепт-арт суретшілердің Орталық Азияның мәдени мотивтерінен шабыт алғанын растайды.
Сонымен қатар, мультфильмнің өзінде бұл көрініс өте қысқа әрі стильдендірілген түрде берілген - ешқандай тікелей түсініктемесіз, бұл көрерменге түрліше жоруға мүмкіндік береді.
Бөлім не туралы?
Аталған кадр "Аға" (The Uncle) деп аталатын бөлімде пайда болды. Сюжет бойынша, Гамбол өрмекші Очоның аңызға айналған ағасы Мариомен танысу үшін кез келген ақылға сыйымсыз сынақтардан өтуге дайын. Осы достық үшін Гамбол бұзақылармен төбелесуге, біреудің құпиясын көзі шыққанша сақтауға, тіпті Дарвинге уақытша опасыздық жасауға мәжбүр болады.
Ақыры көптен күткен ағасы пайда болғанда, Гамболдың қиялы күл-талқан болады: оның алдында өз қиялындағыдай батыр емес, қарапайым ғана адам тұр еді. Көңілі қалған кейіпкер бұл достық хикаясын әдемі әрі сәл драмалық түрде аяқтауды ұйғарып, Очомен әсерлі ән арқылы қоштасады.
Ол қандай ән?
Әнде Гамбол Очомен арадағы қарым-қатынасты үзеді. Ол қауіпті досынан құтылудың ең оғаш әрі әсіреленген жолдарын ойлап табады: мысалы, оны құс тұмауы деген желеумен қамап қою, үйін жасырын сатып жіберу немесе көлік ұрлағаны үшін түрмеге жабу. Ал егер бұлар көмектеспесе - шахтаға жіберу немесе алыс жаққа үйлендіріп жіберу.
Қызығы, бөлімнің ағылшын тіліндегі нұсқасында ол "send to you wedding in somewhere-stan" (сені "станмен" аяқталатын бір елге үйленуге жіберемін) дейді.