Талғат Байсуфинов футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, маман отставкаға кету туралы өтініш білдіріп, федерация оны қабылдаған.
"Қазақстан футбол федерациясы Талғат Маруаұлы Байсуфиновтің Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымынан кету туралы шешім қабылдағанын хабарлайды. ҚФФ бас бапкердің қызметінен кетуін өкінішпен қабылдап, оның шешіміне құрметпен қарады", - делінген мәлімдемеде.
Ұлттар лигасының жаңа кезеңіне және Еуро-2028 іріктеу кезеңіне команданы кім дайындайтыны әзірге белгісіз.
"Бапкерлер штабын жасақтау бойынша алдағы қадамдар туралы қосымша хабарланады. Ұлттық құраманың алдағы матчтарға дайындығы қалыпты режимде жалғасады", - деп атап өтілді мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасын 2025 жылдың қазан айында басқарған болатын. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама ӘЧ-2026 іріктеу кезеңінде үш матч өткізіп, бірде-бір рет жеңілген жоқ.
Қазақстандықтар Лихтенштейнді 4:0 есебімен тас-талқан етіп, Солтүстік Македониямен (1:1) және Бельгиямен (1:1) тең ойнады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Kazakhstan Football Federation (@kff_resmi) жарияланымы
Содан кейін команда FIFA Series жолдастық турнирінде жеңіске жетіп, екі жолдастық кездесу өткізді - Армения құрамасымен тең түсіп (1:1), Венгрия құрамасынан ұтылды (1:3).
Сонымен қатар маусым айының басында БАҚ-та Байсуфиновтің қызметінен кеткені туралы ақпарат тараған болатын, бірақ ол кезде ҚФФ ресми түрде теріске шығарған еді.
Айта кетейік, бұған дейін ҚФФ бас хатшысы лауазымына австралиялық Скотт Мунн тағайындалған болатын.