Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі заңға қол қойды
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы", сондай-ақ "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Бұған дейін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заң мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру тәртібін жетілдіруді, персоналды басқарудың заманауи тетіктерін енгізуді және мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруды қарастыратыны хабарланған. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық бере отырып, тәртіптік практиканы жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдарда тиісті қызмет құруға ерекше назар аударылған.
Заң кадрларды іріктеу мен бағалаудың цифрлық құралдарын енгізуді, тәлімгерлік институтын дамытуды, сондай-ақ білікті мамандарды, соның ішінде мемлекеттік емес сектордан тартудың қосымша тетіктерін қалыптастыруды көздейді.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет моделіне көшуге, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін пайдалана отырып, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге, сондай-ақ HR-процестерді цифрландыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.