Германияда қараушысына шабуыл жасаған жолбарыс өлтірілді
Ер адам жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Жолбарыс өзі қамалған ғимараттың айналасындағы бақшаларға қарай қашқан. Жануар шамамен 300 метрдей ұзап, сыртта жарты сағаттай жүрген. Артынша жеткен полиция қызметкерлері жануарды атып өлтірген.
Басылымның жазуынша, өлтірілген жолбарыстың иесі - "Жолбарыстар патшайымы" лақап атымен танымал жаттықтырушы Кармен Цандер. Ол өндірістік аймақтағы тар жерде он жабайы мысықты ұстап келген. 2022 жылдан бастап оған жануарларын коммерциялық мақсатта көпшілікке көрсетуге тыйым салынған.
Фото: Bild
Кезінде Цандердің атағы шығып, бүкіл Еуропаны гастрольдік сапармен аралаған. Алайда цирктер жабайы жануарлар қатысатын қымбат нөмірлерден бас тарта бастаған соң, жаттықтырушыны шақыруды қойған.
Билік өкілдері жолбарыстарды хайуанаттар бағы немесе табиғи парктердегідей жағдайда ұстауды талап етіп отыр. Қазіргі аумақ бұл талаптарға сай келмейді.
Жақында Цандер жануарлармен өнер көрсетуге салынған тыйымды бұзғаны үшін сот алдында жауап берген. Оның айтуынша, бұл қадамға қаржылық қиындықтардан барған, себебі тек жануарлардың жем-шөбіне айына 4500 еуро жұмсалады. Сонымен қатар 2025 жылдың басында тағы алты жолбарыс дүниеге келген.