Қазақстанда мәслихат депутаттары үшін төлемдер енгізу көзделіп отыр
Мәслихат депутаттарына олар таратылған жағдайда төлемдерге кепілдік беріледі. Мұндай норма Мәжілісте қаралып жатқан мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі заң жобасында қамтылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, құжат мәслихат депутаттарының әлеуметтік кепілдіктерін нығайтады.
"Атап айтқанда, іссапар шығындарын өтеу қарастырылған. Сондай-ақ мәслихат таратылған жағдайда тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға төлемдер беріледі", - деп толықтырды депутат.
Заң жобасының жарияланған мәтінінде Президент мәслихатты таратқан жағдайда, тұрақты негізде жұмыс істейтін депутатқа ол жұмысқа орналасқанға дейін немесе зейнет жасына жеткенше ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төленетіні айтылған. Бұл ретте төлемдер өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге тағайындалатыны және мәслихат регламентінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылатыны нақтыланған.
Сонымен қатар аталған заң жобасында мәслихат депутаттарын жазалау туралы нормалар бар. Оларды мәслихаттың бір сессиясы бойы дауыс беру құқығынан айыру және сессияға қатысу құқығынан айыру арқылы жазалау ұсынылады. Тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттар үшін қосымша бір күндік жалақысынан айыру түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.