АҚШ Қытай қорғаныс министрлігіне қарсы санкция салды
Санкцияға Ресейдің "Рособоронэкспорт" компаниясымен "ірі көлемде" келісім жасасқаны үшін Қытай қорғаныс министрлігінің ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік конструкторлық талдамаға басшылық жасайтын қару-жарақ бас басқармасы және оның басшысы Ли Шаньфу іліккен. Санкция Қытайдың былтыр Ресейден 10 Су-35 әскери ұшағын, ал биыл С-400 зенит-зымыран кешенін сатып алғанына байланысты салынып отыр.
Жаңа санкцияға іліккендердің экспорттық лицензия алуға өтініш беруіне немесе америкалық қаржы мекемелерімен келісім жасасуына тыйым салынды.
"Пекинмен сауда-саттыққа қатысты кикілжіңге келіп қалғанымызға қарамастан, бұл санкцияда негізінен Қытай емес, Ресей нысанаға алынды" деді АҚШ билігінің өкілі.
Вашингтон Түркияға Ресейден С-400 зымыраннан қорғаныс кешенін сатып алу келісімінен бас тартқызу үшін үлкен қысым жасап отыр. АҚШ Қытайға санкция салу арқылы С-400 кешеніне қатысты өз ұстанымы берік екенін көрсеткісі келген болуы ықтимал.