Марғұлан Сейсембаев АҚШ-та тұрып жатқаны туралы хабарлады
51 жастағы Марғұлан Сейсембаев тергеу органдары оны "БТА банктен қаржы жымқырған" деген күдікпен тұтқындалған бұрынғы бизнес-әріптесі Ескендір Ерімбетовтің ісіне байланысты жауап алуға шақырғаннан кейін Қазақстаннан кетіп қалғаны туралы қаңтардың 10-ы күні Facebook-тегі парақшасында жариялаған.
Оқи отырыңыз: Марғұлан Сейсембаевтың екінші эмиграциясы
46 жастағы Ескендір Ерімбетов пен тағы үш адам өткен жылғы қарашадан бері абақтыда отыр. Туыстары мен жақтастары түрмеде Ерімбетовті ұрып-соғып, азаптағаны туралы мәлімдеген. Қаңтардың 12-і күні үкіметшіл бірқатар интернет сайттары Ерімбетовтің суреті мен видеосын жариялап, тұтқынның "азапталғаны туралы сөздер бекер" деп хабарлаған. Видеода бет-жүзін алақанымен жауып, көрсетпей және қойылған сұрақтарға жауап бермей үнсіз отырған ер адам бейнеленген.
Марғұлан Сейсембаев Қазақстанда оны Ерімбетовтің ісіне байланысты тергеуге шақыртқанда 2000 жылдардың алғашқы жартысында Ескендір Ерімбетов екеуі бизнес-әріптес ретінде қатысқан "КМобайл" және "Бител" компанияларына қатысты жасалған келісімдер туралы сұрақтар қойылғанын хабарлаған.
Жақтастары Қазақстанның билік орындары бизнесмен Ескендір Ерімбетовті қазіргі кезде шетелде тұратын қарындасы Бота Жәрдемәліні елге, Қазақстанда сырттай 20 жылға сотталған бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа қарсы куәлік беруге көндіру үшін тұтқындады деп біледі. Сәрсенбіде Facebook-те жариялаған жазбасында осындай жорамалды Марғұлан Сейсембаев та айтқан болатын. Оның постына желі қолданушылары жүздеген комментарий жазған. Қазақстандағы көптеген азаматтық белсенділер, журналистер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері бизнесменнің елден кетуіне байланысты қынжылыс білдіріп, оған қолдау танытқан.