«Қарттардың көбі ешкімге керексіз боп қалудан қорқады»
Зерттеуші Әйгерім Жақыпбек бала кезінде әр жазғы демалысын ауылдағы әжесі мен атасының үйінде өткізетін. Оқу жылы басталып, қалаға қайта оралатын кезде ата-әжесі үшін бақыт деген не екен деп ойланатын. Немерелері келгеннен туған қуаныш па, әлде күнделікті өмірін алаңсыз өткізу мүмкіндігі ме?
Уақыт өте келе бұл жеке сұрақ эмоциялық бақылаудан зерттеу тақырыбына айналды. Қазір Әйгерім Жақыпбек – Қазақстандағы қарттардың қартаюын және әлеуметтік оқшаулануын зерттейтін әлеуметтанушы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Қарт адамдардың әлеуметтік оқшаулануын жеңуге бағытталған белсенді технологиялар» тақырыбында диссертация қорғауға дайындалып жүр және отбасымен, қарттар үйінде және белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында тұратын әртүрлі жағдайдағы егде жастағы кісілермен жұмыс істейді.
Қазақстан неге қарттар саны артқан елдер қатарына кіреді, қарт кезде бақыт туралы көзқарас қалай өзгеріп жатыр, белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламалары мәселені неге толық шеше алмайды және қарттардың жалғыз қалу себептері қандай, «Власть» Әйгерім Жақыпбекпен осы тақырыпта сұхбаттасты.
2017 жылдан бері Қазақстан қарттар саны көбейіп келе жатқан елдер қатарына енді. Бұл адамдардың ұзақ жасауына байланысты ма, әлде туу көрсеткіші төмендеп жатыр ма?
Демографияда халықаралық жіктеме бойынша елде 65 жастан асқан тұрғындар үлесі жалпы халық санының 7 пайызынан асса, қартайып жатқан ел деп саналады. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстан бұл межеден асып, демографиялық қартаю процесі басталған.
Қазақстанда 65 жастан асқан шамамен 1,87 миллион адам бар, бұл – халықтың 9,2 пайыздан астамы. Көрсеткіш біртіндеп өсіп жатыр, бірақ халықтың қартаюын бір ғана фактормен түсіндіру мүмкін емес.
Бір жағынан, адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы артып келеді, екінші жағынан, кейбір аймақта туу көрсеткіші төмен екені және жас әрі еңбекке қабілетті халықтың көшіп жатқаны байқалады. Мысалы, Өскеменде туу көрсеткіші ең төмен, бірақ сол жақта қарттар үйі мен қарт адамдар саны көп.
Кейбір қала мен өнеркәсіп аймағында қарттардың үлесі табиғи демографиялық өзгерістен емес, миграциялық процестердің әсерінен күшейіп отыр. Сонымен қатар қартаю сипатына әлеуметтік орта айтарлықтай әсер етеді, мысалы: еңбек жағдайлары, медициналық көмектің бар-жоғы мен сапасы, климат ерекшелігі, өмір салты және тамақтану әдеттері.
Қарттар – бірдей емес, олар өте әртүрлі әлеуметтік топ, сондықтан қартаюға қатысты әмбебап түсінік немесе шешімдер жоқ екенін ескеру керек.
Көрнекі сурет Алмас Қайсардыкі
Әжеңіз бен атаңыздың бақыты неде екенін түсіне алдыңыз ба?
Жас кезімде қарттар балаларынан бөлек тұрса, оларда бірдеңе дұрыс емес, ол кісілер жалғыз немесе оларды тастап кеткен деп ойлайтынмын. Бұл – кең тараған және қалыптасқан түсінік. Бірақ уақыт өте келе қарттар бақытты болу үшін қасында әрдайым балалары болуы міндетті емес екенін түсіндім.
Әжем мен атам бақытты не бақытсыз деп нақты айта алмаймын, бірақ зерттеу барысында қарттардың көбіне еркіндік, өз үйінде екенін сезіну және күнделікті өмір салтын сақтау маңызды екені анықталды.
Қарттар үйінде тұратын бір кісі маған былай деді: «Қартайғандағы бақыт – әдемі өлім». Ол мұны романтикалық мағынада айтқан жоқ, соңғы сәтте жалғыз қалуға алаңдайтынын меңзеді. Бұл – қарттардың ешкімге керексіз боп қалудан қорқатынын дәл көрсететін ауыр ой.
Қазақстанда қартайғандағы бақыт туралы түсінік өзгеріп жатыр деуге бола ма?
Иә, кейінгі жылдардағы деректерді салыстырғанда жақсы. Бес жыл бұрын қарттар бақытты көбінесе отбасымен байланыстыратын: балалары мен немерелерінің қасында болу, оларға көмектесу, тәжірибе беру, таныс ортада өмір сүру және көбіне ауылдағы өмір болатын.
Әйгерім Жақыпбек, фото жеке мұрағатынан
Қазір бұл түсінік біртіндеп кеңейіп келеді. «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы пайда болғаннан кейін ірі қалалар мен өңірлерде орталықтар ашылып, қарттар спортпен, шығармашылықпен айналысып, бір-бірімен араласып, кейде саяхаттайтын болды. Олар енді денсаулықтың, белсенділіктің және таңдау мүмкіндігінің маңызды екенін жиі айтып жүр.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы бәріне бірдей тиімді емес екенін түсіну керек. Кейбір қарт кісіге үйірмелер мен саяхаттар шынымен қуаныш сыйлайды, ал енді бірі үшін бақыт – тыныштық пен тұрақтылықта. Белсенділік жаңа нормаға айналып, денсаулығы немесе жеке себептері бойынша оған сай бола алмайтын адамдарға қысым көрсеткенде қауіп пайда болады.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы тиімді ме?
Бұл – маңызды қадам, өйткені мемлекет қарттарды тек әлеуметтік көмек алушы ретінде ғана емес, қоғам өміріне белсенді қатысушылар деп қарастыра бастады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары дені сау өмір салтын қалыптастыруға көмектесіп, адамдардың бір-бірімен араласуына мүмкіндік береді.
Бірақ бағдарламаның маңызды шектеулері бар. Орталықтар барлық жерде бірдей емес, аймаққа, көлік инфрақұрылымына және қарттардың денсаулығына байланысты ашылады. Ең осал топтар – жалғыз қалған, қозғалысы шектеулі, ауылда тұратын қарттар, олар осындай бастамалардан жиі тыс қалады. Жеке қолдау мен кешенді әлеуметтік жұмыс болмаса, мұндай орталықтар әлеуметтік оқшаулану проблемасын толық шеше алмайды.
Қалаларда қандай да бір белсенділік бар, аудандарда аздау, бірақ онда әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді, ал ауылдарда бағдарламалар мүлде жоқ.
Фото авторы: Данияр Мүсіров
Сіз қарттардың әлеуметтік оқшаулануы туралы жиі айтасыз. Бұл ұғымның мағынасын қалай түсінесіз?
Әлеуметтік оқшаулану – тек жалғыздық емес. Бұл еңбек нарығынан, қала өмірінен, цифрлық қызметтерден, мәдени өмірден және шешім қабылдау процестерінен тыс қалу дегенді білдіреді. Қарттарды көбіне «болашағы жоқ адамдар» деп қабылдайды, бұл көзқарас тек қоғамдық пікірде ғана емес, жастарға ғана бағытталған риторикада да орныққан.
Нәтижесінде ұрпақтар арасындағы байланыс әлсірейді. Қарттар жастарды түсінбейді, жастар қарттарды түсінбейді, бұл кикілжіңге әкеледі. Сол уақытта қарттардың мол тәжірибесі, білімі мен әлеуметтік капиталы бағаланбай қалады.
TEDx-те қарттардың қоғамға үлес қосу қажеттілігі бар екенін айттыңыз. Еуропа елдерінің көбінде қарттардың экономикалық өмірге қосқан үлесі қартаю және демография саласындағы саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.
Шындығында, қарттарға әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірге қатысуға мүмкіндік жасалса, олар үлес қосуға дайын. Өмір бойы жұмыс істеген адамдар жай ғана үйде отырғысы келмейді.
Иә, зейнет жасын халық санының өсуі мен еңбекке жарамды салық төлейтін адамдардың азаюына байланысты арттырады. Мемлекет балалар мен қарттарды әлеуметтік төлемдер арқылы қолдауға тиіс, бірақ бюджет жетпей жатыр.
Алайда зейнет жасын көтеру кезінде қарттарға лайықты өмір сүруге жағдай жасау маңызды.Ол үшін бағдарламалар қажет, бірақ бізде олар әлі жеткіліксіз. Қазіргі уақытта елде бес жылға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы ғана бар. Алдымен осы жағдайларды реттеп, содан кейін ғана реформаны жүргізу керек.
Фото Жанара Каримованыкі
Сіз қарттар үйін де зерттедіңіз. Ол жерге көбіне кімдер түседі?
Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда шамамен 45 мемлекеттік қарттар үйі жұмыс істейді, сонымен қатар жеке мекемелер де бар. Зерттеулер көрсеткендей, стационар мекемелерде тұратындардың көбі – ер адамдар. Бұл олардың жеке қасиеттерінен емес, өмір бойы қалыптасқан әлеуметтік және гендерлік факторларға байланысты. Аға буында ер адамдар көбіне өзін жұмыс пен отбасының асыраушысы рөлінің айналасында сезінген. Зейнетке шыққаннан кейін, ажырасу немесе отбасымен байланыс үзілуі салдарынан олардың көбі әлеуметтен оқшауланады. Осалдықты күшейтетін қосымша фактор – өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларының болмауы және бейресми қолдау желісінің әлсіздігі, бұл өз бетінше өмір сүруді қиындатады.
Ал әйелдер, керісінше, көбіне балаларымен және немерелерімен байланысын сақтайды, бірақ олар экономикалық жағынан қиындық көріп жатады. Қарт әйелдердің көбі жас кезінде білім алмаған немесе үй шаруасымен айналысып, тұрақты жұмыс істемеген. Қартайған шақта бұл олардың қаржылық тәуелсіздігі мен таңдау мүмкіндігін шектейді. Әсіресе, баласы жоқ немесе отбасымен байланысын үзген әйелдер қиналады.
Өз еркімен қарттар үйіне баратын кісілер бар ма?
Мұндай жағдайлар бар, бірақ олар сирек. Көбіне қарттар үйіне көшу туралы шешім жеке таңдаудан емес, өмір бойы қалыптасқан әлеуметтік және экономикалық жағдайларға байланысты болады.
Әйелдер туралы айтсақ, олардың көбі білім алу мен кәсіби даму мүмкіндіктері шектеулі болған буынға жатады. Қарттар үйінде шынымен білім деңгейі төмен әйелдер жиі кездеседі, ал жоғары білімі барлар сирек. Әйелдердің көбі білімі мен мамандығының болмауы қаржылай тәуелсіз болуға, баспана алуға және қарттық өмірін қалауыынша ұйымдастыруға кедергі болғанына өкінеді.
Суреттерді Әйгерім Жақыпбек қарттар үйінде түсірген
Ер адамдардың жағдайы басқаша. Көбінде орта арнайы білімі, еңбек өтілі және зейнетақы жинағы бар. Бірақ қартайған шақта оларға өзіне қарау қиын соғып, айналасында көмектесетін адам азаяды. Отбасымен байланысы үзілген немесе денсаулығы нашарлаған қарттарға қарттар үйі күнделікті тұрмыс пен физикалық шектеулермен күресуге көмектесетін орын болады, бұл олардың таңдауы емес.
Қазіргі кезде қарттықты ұйымдастырудың балама жолдары біртіндеп пайда болып жатыр және болашақта да болады. Кейбір қарт кісі достарымен немесе құрдастарымен бірге тұрғысы келеді, пәтерін жалға беріп, белсенді өмір салтын сақтап, бірге саяхаттауды қалайды.
Сондай-ақ саналы түрде қызмет көрсету деңгейі жоғары және еркіндік бар арнайы мекемелерді таңдаған қарттар да бар. Бірақ мұндай модельдер әзірге аз адамға қолжетімді, көбіне олардың табысы мен әлеуметтік жағдайына қарайды.
Қарттар тақырыбы қызық, оны зерттеу арқылы әлеуметтік мәселенің бәрін көруге болады.Мысалы, өмірбаяндарға талдау жүргізсек, бір ер адамның мысалында ажырасу қартайған шақтағы жалғыздықтың басты факторы екенін көруге болады. Ажырасудан кейін балаларымен араласпай қалады. Әлеуметтік бақылауға сәйкес, ажырасудың салдары дәл қартайған шақта көрініс табады. Қазір ажырасып жатқандар көп, болашақта қарттар арасындағы жалғыздық одан әрі өсуі мүмкін деп болжауға болады.