Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов келді.
Ералы Тоғжанов бастаған топ Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексерді.
Президенттің халықты ауыз сумен 100 % қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыста кешенді жұмыс жүргізілуде. Ауылдарла жаңа сумен жабдықтау нысандарын салу, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары атқарылды.
Үкіметтің қолдауымен өткен жылы сумен жабдықтау саласын дамытуға барлық қаржыландыру көздерінен 74 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жұмыстар 140 ауылда жүргізіліп, оның ішінде 88-і алғаш рет ауыз сумен қамтамасыз етілді, ал қалған елді мекендерде сумен жабдықтау қызметінің сапасы жақсартылды.
Жаңа нысандар салумен қатар, өңірде қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелерін жақсарту және жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы осы бағытта 34 жобаны іске асыру басталып, оның 13-і аяқталды. Ағымдағы жылы қолданыстағы сумен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға бағытталған тағы 17 жобаны жүзеге асыру көзделген.