Қарақат Әбілдина кішкентай қызын құран сүрелерімен жұбататынын айтты (видео)
Отандық танымал әнші кішкентай қызының құран сүрелерін естігенде жылағанын қоятынын айтып жұртты таңғалдырды. Қарақат Әбілдина нәрестесіне құрсақта жатқан кезінде де әуезді әндерді тыңдатқанын айтып, аналарға өз кеңесін берді деп жазады NUR.KZ.
Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасына арнайы жазба арқалы мәлімдеген.
"Мен бөпеме құрсақта жатқан кезден бастап әуезді ән, құран сүрелерін көп айтып, көп тыңдаттым. Қазір қызық сол әуендерді естігенде елітіп тұрады. Жылап жатса тоқтай қалып тыңдайды,арасында ыңылдап қосылып жіберетінді шығарды. Тәрбие құрсақтан басталады дегенге үлкен мән беруіміз керек
Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен.
Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Аналарымыз келін-кепшікті жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында — ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқан жоқ па?!
Жүкті аналардың құлағына алтын сырға: Жамандық атаулыдан бойларыңызды аулақ ұстап,тек қана өмірдің жақсы жағын көруге тырысыңыз! Тек қана жақсы ойда,жақсы көңіл-күйде жүріңіз себебі бойыңызға біткен кішкентай тіршілік иесі сіз қуансаңыз қуанып,сіз ренжісеңіз ренжиді.
Әдемі, ақылды, мейірімді, парасатты ұрпақ сүйгіңіз келсе,бала бойыңызға біткеннен бастап жаман әдеттерден арылып өзіңізді қолға алыңыз! Күйбең тіршіліктің мәселелері бітпейді бірақ ол өз балаңыздан маңыздырақ емес деп ойлаймын!", - деп айтты әнші.
Сөз соңында Қарақат Әбілдина өзін ақыл айтты деп сынамауды өтінді. Айтуынша, ақылы өзіне әрең жетеді. Әнші ойындағысын реті келген соң айтпақ болғанын жеткізді.
Source: Kaz.nur.kz