“Ерекше ықыласпен оқыдым“ - Мирзиёев Тоқаевтың The National Interest-тегі мақаласы туралы айтты
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Бұхарадағы бүгінгі кездесу елдер арасындағы көпжақты байланыстарды кеңейту үшін зор маңызға ие деп санайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзбекстан президенті Бұхарадағы бүгінгі жүздесудің екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды кеңейтуде маңызы зор деп пайымдайды
"Сіздің бұл сапарыңыз ғасырлардан тамыр тартатын қос халық арасындағы достықты, тығыз бауырластықты көрсетеді, сондай-ақ стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастың ұдайы нығайып келе жатқанына дәлел. Ашық әрі риясыз келіссөздер ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, өңірдегі өзара ықпалдастық аясын одан әрі кеңейтуге негіз болатынына сенімдімін", – деді Шавкат Мирзиёев.
Ол өзбек халқының ең жақын көрші және одақтас ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы тиімді реформаларына шынайы қолдау білдіретінін жеткізді.
"Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, еліңіздің экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты. Шикізаттық емес сектор жанданып, ішкі жалпы өнімде шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы 40 пайызға жуықтады. Сіз мемлекетті цифрландыру ісіне ерекше мән бересіз. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Еліңіздің жаһандық кеңістіктегі абыройы артып келеді. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының мүддесіне негізделген көпвекторлы сыртқы саясат табысты жүзеге асырылып жатыр. Сіз көтерген халықаралық бастамалар кеңінен қолдау тауып отыр. Бұл Сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді. National Interest басылымына жарияланған мақалаңызды ерекше ықыласпен оқыдым. Қазіргі халықаралық ахуалда прагматизмнің, ашықтықтың және шынайылықтың рөлі артты деген ойыңызбен толық келісемін. Экономикалық жаңғыру мәселесіне терең үңілетініңізді атап өткім келеді. Инвестиция мен орнықты даму реформаларын ұштастыруды жекелеген бастама ретінде қарастырмай, тұтас стратегияға айналдырдыңыз. Мұны ерекше бағалаймын. Біз Сіздің бауырлас халықтар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға қосқан үлесіңізді айрықша қадірлейміз", – деді Өзбекстан президенті.
Кездесуде тараптар экономикалық серіктестікті кеңейту жөніндегі стратегиялық бағытты ұстанатынын растады.
Сауда мен өндіріс салаларында нақты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын арттыру туралы келісім жасалды. Іскер ортаны жүйелі түрде қолдау мен ынталандырудың маңызы атап өтілді.
Мемлекеттер басшылары сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мен туризмді дамыту ісіне айрықша мән берілді.
Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер екі ел үкіметтері арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жол картасын қабылдауға уағдаласты.