Қазақстандағы ең “кәрі“ және ең “жас“ өңірлер аталды
Қазақстанда халықтың қартаю индексі өсіп жатыр. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
Қартаю индексі – бұл қарттар мен балалар санының арақатынасы. Ол 15 жасқа дейінгі 100 балаға еңбекке қабілетті жастан асқан қанша адамнан келетінін көрсетеді: бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, халық соғұрлым "кәрі" болып саналады.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы ел бойынша көрсеткіш 100 балаға шаққанда 32,9-ды құрады, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,1 болған еді.
"Бұл 15 жасқа дейінгі әрбір 100 балаға 65 және одан жоғары жастағы 32,9 адамнан келетінін білдіреді. Қалалық жерлерде индекс жоғары – 34,9. Ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 29,6-ға тең. Өңірлер бөлінісінде ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау облысында – 16,2, Түркістан облысында – 17,2 және Шымкент қаласында – 17 тіркелді", - деп хабарлады бюро.
Алматыда индекс 100 балаға шаққанда 38,3-ті, елордада – 22,9.
Ең жоғары деңгей Солтүстік Қазақстан – 84,1, Шығыс Қазақстан – 80,7 және Қостанай облыстарында – 71,3 тіркелді. Сондай-ақ Павлодар (60,2) және Қарағанды (56,6) облыстарында да көрсеткіштер жоғары.
Бұл аталған өңірлерде халықтың қартайып жатқанын білдіреді: 100 балаға келетін қарттар саны артып келеді.