Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимараты өртеніп жатыр
Ақтөбеде облыстық әкімдік ғимараты өртеніп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы 7 сәуірде кешке Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазіргі уақытта ТЖМ құтқарушылары Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылы бойында орналасқан 6 қабатты әкімшілік ғимараттың шатырындағы өртті сөндіріп жатыр", - делінген хабарламада.
ТЖД күштері мен құралдары оқиға орнына 5 минут ішінде жетті, деп нақтылады ведомство.
"Өрт сөндіру оқпандары дереу іске қосылды, тілсіз жауды толық ауыздықтау үшін барлық шара қабылданып жатыр. Судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Адамдарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр", - делінген баспасөз хабарламасында.
Оқиға орнында жедел штаб құрылғаны айтылды.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп толықтырды баспасөз қызметі.
ТЖМ мәліметінше, алғашқы бөлімшелер келген бойда ашық жалын анықталған. Өртсөндірушілер шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша өртті сөндіру шараларын жүргізіп жатыр. Өрттің аумағы нақтыланып жатыр.
Сонымен қатар "Диапазон" басылымының Telegram-арнасы мәліметінше, полиция өтіп бара жатқан адамдардан алыстауды сұрап жатыр. Әбілқайыр хан ескерткішінің маңына жүздеген адам жиналып, оқиғаны бақылап тұр.
Кейінірек ТЖМ құтқарушылардың күшімен өрттің оқшауланғанын хабарлады. Сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.