Алматыдан кейін Қарағанды облысында ауқымды рейдтер басталды
Қарағанды облысында жолдарда ауқымды рейдтік шаралар өтіп жатыр. Екі күн ішінде полицейлер 19 мас жүргізушіні, сондай-ақ жалған нөмір таққан және қолдан жасалған пышақ табылған көлік иесін ұстады, деп хабарлайды Tengri Auto.
Мән-жайы
Өңірге Астана мен Ақмола облысынан полицейлер барған. Олар жергілікті патрульдік полициямен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды рейдтер жүргізіп жатыр.
Фото: өңірлік полицияның баспасөз қызметі
Екі күн ішінде полицейлер жүздеген автокөлікті тоқтатып, тексерген.
"Екі күн ішінде өңірде мас күйінде көлік басқарған 19 жүргізуші ұсталды. Сонымен қатар жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген Nissan маркалы көлігінің 32 жастағы жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Одан қолдан жасалған пышақ та тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД бастығы Негмет Исмағұлов.
Сонымен қатар Қарағандының 22 жастағы тұрғыны өзінің Volkswagen Passat көлігіне патрульдік көліктердікіндей стробоскоптар орнатқан. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Бұдан бөлек, өңірлік полиция мәліметінше, нөмірсіз жүрген 65 және сақтандыру полисі жоқ 115 автокөлік анықталды. Сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылса да, қайта рульге отырған жүргізушілер де ұсталды.
Еске сала кетейік, өңіраралық күшейту тәжірибесі алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін қарағандылық полицейлер Алматы қаласындағы осындай рейдтерге қатысқан болатын.