АҚШ, Иран және өзге мемлекеттер 45 күндік бітімді талқылап жатыр - БАҚ
АҚШ, Иран және басқа да елдер қақтығысты реттеудің алғашқы кезеңі ретінде 45 күндік атысты тоқтату режимін енгізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Axios порталына сілтеме жасап.
Дереккөздер мәліметінше, қазіргі уақытта екі кезеңнен тұратын жоспар талқыланып жатыр. Бірінші кезеңде 45 күндік уақытша бітім орнату ұсынылады, бұл аралықта тараптар түпкілікті бейбіт келісімнің шарттарын келісе алады. Қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.
Екінші кезең қақтығысты толығымен тоқтататын толыққанды келісімге қол қоюды көздейді.
Басылым дереккөзі мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі соңғы күндері Иранға бірнеше ұсыныс жолдаған, алайда ирандық тарап әлі ешқайсын қабылдаған жоқ.
Дереккөздер алдағы 48 сағат ішінде келісімге қол жеткізу ықтималдығын төмен деп бағалап отыр.
Еске сала кетейік, 4 сәуірде Трамп Иранға 48 сағат уақыт қалғанын мәлімдеді, бұл уақыт АҚШ-пен мәміле жасасуға берілген, әйтпесе елге жойқын шабуыл жасалады.
Тегеран бұл ультиматумды қабылдамай, АҚШ президентінің өзін "тозақтың түбіне жіберуге" уәде берді.