Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс - Тоқаев
"Жастар табанды әрі өнімді еңбек әрдайым лайықты бағасын алатынын көруге тиіс. Табыстың оңай келмейтінін түсінгені жөн. Еңбек – бәрін жеңбек. Мейлі, спортта, бизнесте, білімде, ғылымда, далалық жұмыста не зауытта болсын, өз ісіне шын берілген, көздеген мақсаты айқын адамдар өмірлік мұратына жетеді. Құрметті Ерванд Тихонович Ильинский сияқты азаматтар – қоғамның тірегі, ерлік пен еңбекқорлықтың, төзімділіктің жарқын үлгісі. Сондықтан мен сізге альпинизмдегі аса үздік жетістіктеріңіз, сондай-ақ ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз және белсенді қоғамдық қызметіңіз үшін жоғары ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін осы награданы өзіңізге зор құрметпен тапсырамын. Ерванд Тихонович, сізге мықты денсаулық, бақ-береке, мол табыс тілеймін! Альпинистер арасында "Өзіңізді сақтаңыз!" деген сөз жиі айтылады. Сізге және жаныңызда жүріп, серік болған шәкірттеріңізге осы тілекті арнағым келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерванд Ильинский атқарған қызметіне жоғары баға беріп, отандық альпинизмге айрықша көңіл бөлгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
"Мұны Қазақстан альпинистер қауымы жеткен жетістіктердің мемлекет деңгейінде танылуы деп түсінемін. Шын мәнінде, біздің табысымызды шетелдік альпинистер де мойындайды. Осыған куә болғаныма қуаныштымын", – деді ұлттық құраманың тәлімгері.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!