Алматыда үш адам қаза тапқан жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы бойындағы үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 24 наурызда Алматы қаласы полиция департаменті хабарлады.
Қылмыстық іс "Масаң күйде көлік жүргізу бұзу" бабы бойынша қозғалған.
21 наурыз түнгі үш жарымда Алматыдағы Әл-Фараби көшесінде Zeekr көлігі қатты жылдамдықпен келе жатып Mercedes көлігіне соқтығысқан. Zeekr қарсы бетке шығып кеткені айтылады. Жол апатынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапқан. Ал Zeekr көлігінің жүргізушісі ауруханаға түскен.
Алматы қаласы полиция департаменті күдікті қазір ауруханада конвойдың қарауында екенін, жағдайы дұрысталған соң тергеу изоляторына қамалатынын айтты.
Бұл жол апатынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Zeekr көлігінің жүргізушісі кім екенін ашық айтуды, сот ашық өтуін талап етіп жатыр. Желі қолданушылары жылдамдықты асырған жүргізуші жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді.
Алматы қаласы полиция департаменті "жол апатына қатысы бар адамдардың бәрі анықталғанын, іс сотқа жолданғанын, ешкім жауаптан құтылмайтынын" айтады. Дегенмен полиция күдіктілердің есімін жарияламады.
Журналист Михаил Козачков "Zeekr көлігінің рөлінде 32 жастағы бизнесмен отырғанын, 21 наурыз түні ол басқа көліктермен жарысқа түскенін" жазады.