Айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін: Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді
Бұл түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, қабылданды. Енді Қылмыстық кодексте медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндетін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін жаңа бап пайда болды.
Құжат нормаларына сәйкес:
күш қолдану қаупін төндіргені үшін 200-ден 500-ге дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
• бұл әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалған жағдайда жаза күшейтіліп, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды құрайды;
• өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылған жағдайда 500-ден 1000-ға дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
• өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Заңнамалық өзгерістермен қатар, медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлерінің жұмыс орнындағы қауіпсіздігін күшейтуге арналған қосымша шаралар енгізіліп жатыр. Олардың қатарында фельдшерлерді бейнежетондармен жабдықтау, қабылдау бөлімдеріне дабыл түймелерін орнату, бейнебақылау жүйелерін интеллектуалды талдау жүйелерімен біріктіру, сондай-ақ 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттерінің қызметін сақтау бар.
Дәрігерлерге жасалған даулы шабуылдар
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің өзге де қызметкерлеріне жасалған 280-нен аса шабуыл тіркелген.
2023 жылғы қазанда Көкшетауда дене қызуы көтерілген балаға шақыртумен барған медицина қызметкерін екі ер адам соққыға жыққан.
2024 жылғы қаңтарда Қарағандыда, Майқұдықтағы аулалардың бірінде ер адам жедел жәрдем жүргізушісін ұрып кеткен. Жергілікті тұрғынға арнайы көліктің қалай қойылғаны ұнамаған.
Сол жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында мас ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасап, полицейлерге қарсылық көрсеткен.
Бірнеше айдан кейін, желтоқсанда Қостанайда науқас әйелдің туыстары шақыртумен келген жедел жәрдем фельдшерін соққыға жыққан.
2025 жылғы маусымда 38 жастағы ер адам Қарағанды облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне шабуыл жасаған. Дәрігерлердің миы шайқалып, сүйектері сынып, денелері көгерген.
Ал Қостанайда уролог-дәрігер науқастың шабуылына ұшыраған. Қабылдау кезінде ер адамдар сөзге келген. Соның салдарынан дәрігер жансақтау бөліміне түскен.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!