Қазақстан ресейлік белсенді Емельянованы экстрадициялауды уақытша тоқтатты
Қазақстан ресейлік белсенді, Навальный штабының Санкт-Петербургтегі бұрынғы өкілі Юлия Емельянованы экстрадициялауды уақытша тоқтатты. Белсендінің босқын мәртебесін сұраған өтініші қаралып жатқанда елден шығарылмайды. Бұл туралы Емельянованың адвокатына сілтеп, "Ковчег" құқық қорғау жобасы мәлімдеді.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, белсендінің ісі бойынша келесі отырыс 27 ақпанда өтпек.
Қазақстан бас прокуратурасы бұған дейін Ресейдің Емельянованы экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Белсендіге қаулыны 29 қаңтарда берген. Осыдан соң Емельянованың қорғаушылары Жоғарғы сотқа шағымданған.
"Ресейдің соғысқа қарсы комитеті" жобасы Юлия Емельянованы Ресейге депортациялау ықтималдығы жоғары деп санайды.
"Қазақстан – қазір ресейліктер үшін қауіпсіз ел емес. Бұл – адамдарды жедел түрде, процессуальдық нормаларды аттап, қорғану құқығынан айырып елден шығаруға талпынып жатқан төртінші жағдай" дейді жоба заңгері Маргарита Кучушева.
Юлия Емельянова –Emigration for Action және Just Help қозғалысының белсендісі. Ол 2025 жылы 31 тамызда басқа елге транзитпен кетіп бара жатқанда Алматы әуежайында ұсталған. Ресей Емельяноваға "таксистің телефонын ұрлады" деген айыппен іздеу жариялаған. Қазір белсенді Алматы шетіндегі уақытша изоляторда отыр.
Бұл - Қазақстанның Ресей сұрағандарды экстрадициялауды уақытша тоқтатқан екінші жағдай. 24 ақпанда Қазақстан Жоғарғы соты шешен азаматы Мансур Мовлаевты оның босқын мәртебесіне қатысты шағымы қайта қаралғанға дейін экстрадициялауды тоқтатқан. Қазақстанда Мовлаев Ресейдің сұрауы бойынша былтыр мамырда қамауға алынған. Ресей оған "экстремизм" айыбымен іздеу жариялаған. Мовлаев егер Ресейге экстрадицияланса, ол жақта өзін азаптап, тіпті өлтіріп тастауы мүмкін екенін айтқан.