Өтініш берген барлық қазақстандыққа әлеуметтік көмек беріле ме? Министрлік жауап берді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өтініш берген барлық азаматқа әлеуметтік көмек автомат түрде тағайындалады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде және жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында тараған. Ведомство мұны жоққа шығарды.
"Әлеуметтік көмек – мемлекеттің атаулы қолдау шарасы және белгіленген мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келетін, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ғана көрсетіледі", - делінген хабарламада.
Көмек тағайындау қолданыстағы заңнамада және мәслихаттардың шешімдерінде айқындалған негіздер бойынша жүзеге асырылады, яғни белгіленген талаптарға сәйкес келуі құжат жүзінде расталуы керек.
"eGov порталы арқылы өтініш беру – әлеуметтік көмекке жүгінудің бір тәсілі ғана және оның автомат түрде тағайындалуына кепілдік бермейді", - делінген хабарламада.
Көмек алушы санаттардың тізбесі, көмекті көрсету шарттары және қажет құжаттар тізімі әр өңірде мәслихаттар тарапынан жеке-жеке бекітіледі және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Барлық түскен өтініш жергілікті атқарушы органдарда белгіленген тәртіппен қаралады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!