“Дос болып қаламыз, бірақ қызметке оралмайды“: Жапаров Тәшиев туралы тағы да пікір білдірді
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ҰҚМК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің отставкаға кетуіне қатысты тағы да пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kg-ға сілтеме жасап.
Садыр Жапаровтың айтуынша, Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескен.
"Дос болып қала береміз. Бірақ ол мемлекеттік қызметке оралмайды, демалып, денсаулығына қарауы керек", - деді Садыр Жапаров.
Садыр Жапаров кадрлық шешімдерді өзі қабылдағанын, бұл қандай да бір сыртқы қысыммен байланысты емес екенін мәлімдеді. Ол құқық қорғау жүйесінде жоспарланған реформалар жалғасатынын айтты.
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиевтің Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы қызметінен босатылғаны белгілі болды. Тиісті жарлыққа республика президенті Садыр Жапаров қол қойған.
Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Садыр Жапаров "бұл қадамның басты мақсаты - мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында да, жікке бөлінудің алдын алу" екенін айтқан.
Алайда кейінірек президенттің баспасөз хатшысы шиеленісті Тәшиев емес, оның жақын айналасындағы адамдар туғызғанын хабарлады. Олар депутаттарға қоңырау шалып, "генералдың жағына шығуға" және "президенттің жаңа сайлауын бастамалауға" үгіттеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!