Алматыда рекорд-стадион салынады: мерзімі мен орны белгілі болды
Алматының Құрылыс басқармасы қалада жаңа арена салынатыны туралы БАҚ-та тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Жаңа стадион елдегі ең үлкені болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде Алматыда жаңа стадион бой көтеретіні жөнінде ақпарат тараған еді.
Қала әкімдігінде аренаның салыну мерзімі нақтыланып, оның Қазақстандағы ең үлкен стадион болатыны айтылды.
"Қазір Алматының Құрылыс басқармасына Медеу ауданы, Құлжа тасжолы бойынан халықаралық талаптарға сай 45 мың орындық стадион салу үшін жер телімі бөлінді. Стадион УЕФА-ның IV санат талаптарына сәйкес салынады. Жобаға табиғи шөп төселетін футбол алаңы және 1000-нан аса көлікке арналған автотұрақ қарастырылған", - делінген әкімдіктің Tengri Sport сауалына берген жауабында.
Стадион құрылысының құны жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін анықталады. Ал құрылысты аяқтау мерзімі - 2027 жылдың IV тоқсаны.
Алматыдағы стадион рекорд орнатады
Қазір Қазақстандағы ең ірі стадион - "Астана Арена", оның сыйымдылығы 30 мың адам. Сонымен қатар, Шымкент пен Ақтөбеде де 35 мың орындық ареналар салу жоспарланып отыр.
Осылайша, Алматыда салынатын 45 мың орындық стадион Қазақстан тарихындағы ең үлкен стадионға айналмақ.
Мәселен, 45 мың орындық алматылық стадион Туриндегі "Ювентус" командасының аренасынан (41 698 орын) және Лондонда "Челси" ойнайтын "Стэмфорд Бриджден" (42 449 орын) де үлкен болады.
Алматы әкімдігі ұсынған алдын ала эскиз, өзгерістер енгізілуі мүмкін.
"Орталық" стадионға не болады?
Еске салайық, қазір Алматыдағы басты футбол аренасы - "Орталық" стадион, оның сыйымдылығы 23 804 адам.
Кейінгі жылдары бұл алаңға Лондонның "Челсиі" мен Мадридтің "Реалы" келген. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы дәл осы жерде Эрлинг Холанд бастаған Норвегия құрамасын қабылдаған болатын.
Фото: Алматы әкімдігі.
Редакция қала әкімдігінен ескі аренаны қайта жаңғырту жоспары бар-жоғын сұрап көрді.
"Қазір Құрылыс басқармасы тарапынан "Орталық" стадионды қайта жаңарту жұмыстарына қаржыландыру қарастырылмаған. Осыған байланысты жоба бойынша толық әрі нақты ақпарат беру мүмкін емес. Қаржы көзі анықталған жағдайда, қайта жаңғырту жұмыстары туралы қосымша хабарланатын болады", - делінген жауапта.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!