Қысқы Азиада аяқ астынан неге Алматыда өтпек? Сауд Арабиясы неге бас тартты?
Сонымен 2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматы қаласында өтетін болды. Қысқы Азиаданы өткізетін ел тапшы болып жатқан тұста Азия олимпиада кеңесі (АОК) бұл жарысты Қазақстанға тапсырды.
2029 жылғы қысқы Азиада Сауд Арабиясының жаңадан салынып жатқан Неом қаласында өтуі керек еді. АОК 2029 жылғы Азиаданы әлі салынып бітпеген Неом қаласына 2022 жылы тапсырған. Бірақ қаңтарда АОК Сауд Арабиясы қысқы Азиаданы өткізе алмайтынын мәлімдеді. Ал 5 ақпанда Миланда (Италия) Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен АОК басшысы Шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани Азиаданы өткізу туралы құжатқа қол қойды.
ҚЫСҚЫ АЗИАДАНЫ ӨТКІЗЕТІН ЕЛ ТАБУ ҚИЫН
АОК үшін Қысқы Азия ойындарын өткізетін ел я қала табу кейінгі кезде қиынға айналды. 1986 жылдан 2011 жылға дейін Қысқы Азияда тек Жапония (үш рет), Қытай (екі рет) және Оңтүстік Кореяда (бір рет) өтіп келген. Ал 2011 жылғы Азиаданы Астана мен Алматы қабылдаған.
Одан кейін 2017 жылғы қысқы Азия ойындары Жапонияның Саппоро қаласында болды да, 2021 жылғы Азиада өтпей қалды. Бұған короновирус пандемиясы да әсер етті. 2022 жылы Қытайдың Пекин қаласындағы қысқы олимпиада алдында қысқы Азиада тестік жарыс болады деген ақпаратта шыққан. Бірақ 2021 жылғы Азиада Қытайда өтпеді. Ал 2025 жылы араға сегіз жыл салып, Қысқы Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласында ұйымдастырылды.
Азия құрлығында қысқы Азия ойындарын өткізуге табиғат мүмкіндік беретін ел аз. Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Солтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстанда қыс мезгілі болады. Бірақ Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстаннан басқа елдерде қысқы жарыс өткізетін инфраструктура, база жоқ. Сондықтан АОК бұл жарысты өткізу үшін қысқы спорт базасы бар, әлем кубогы, әлем чемпионатын өткізген төрт елге қайырылады.
АЛМАТЫ ДАЙЫН БА?
Алматы 2011 жылғы Азиададан бері қысқы спорттан бірнеше халықаралық ірі жарыстарды ұйымдастырды. Мәселен, Алматыда шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерін, фристайлдың могул түрінен әлем кубогы кезеңдері мен әлем чемпионатын, шаңғыдан жастар арасындағы әлем чемпионатын, хоккейден Азия чемпионатын өткізді.
Қазір Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Алматы арена, Халық арена, Медеу мұз айдындары бар. Шымбұлақ шаңғы базасы, Алатау шаңғы-биатлон стадионы бар.
Спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы Алматыда инфрақұрылым болғанымен, елде экономикалық жағдай қиындап бара жатқанда Азиада өткізудің қажеті жоқ деп санайды.
- Алматыда 2011 жылғы қысқы Азиада мен 2017 жылғы қысқы универсиададан қалған инфраструктура, спорт кешендері бар. Бірақ дәл қазіргі экономикалық жағдайда Азиада өткізудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл жарысқа деп бюджеттен көп ақша бөлінеді, жұмыс тобы құрылады. Ал елде бюджет тапшылығы бар, салық өсіп, азық-түлік қымбаттап жатыр. Сондықтан Қазақстан Азиада қабылдайтын жағдайда емес деп санаймын. Оның үстіне, қазір қысқы Азия ойындарының деңгейі жазғы Азия ойындарындай емес. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай бұл жарысқа бірінші құрамасын емес екінші-үшінші құрамасын алып келеді, - дейді ол Азаттыққа.
Ал ҰОК басшысы Головкин Миланда құжатқа қол қою рәсімінде Азиаданы өткізу Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің жаңа серпін береді деп мәлімдеді.
"Азия ойындарын қоса алғанда, ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру ел үшін стратегиялық маңызы бар. Бұл халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген жоғары сенімін білдіреді. Сондай-ақ еліміздің осындай деңгейдегі турнирлерді қабылдауға толық дайын екенін көрсетеді" деді ол.
НЕОМ ҚАНДАЙ ҚАЛА?
2017 жылы Сауд Арабиясының ханзадасы Мохаммад бин Салман шөлде Неом қаласы салынатынын мәлімдеген. Неомның ішінде ұзындығы 170 км, ені 200 метр болатын The Line деген ұзын қалашық және Троджена тау-шаңғы базасы салынатыны айтылған. Дәл осы Тродженада қысқы Азия ойындарының жарыстары өтеді деп жоспарланған еді.
Бірақ Сауд Арабиясының Неом қаласының жобасы, The Line қалашығы жүзеге аспай жатыр. Бастапқыда 170 км деп жоспарланған The Line қазір 2,4 км ғана болатыны айтылды. Ел билігі бұл қала 2030 жылы бітеді деп жоспарлайды.