Конституциялық комиссия отырысында даулы бап талқыланбады
5 ақпан күнгі конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 8-отырысында тіл мәселесі айтылғанмен қоғамда қызу талқыланып жатқан даулы 9-бап жөнінде ештеңе айтылмады. Тілге қатысты баяндама жасағандар негізінен бұрынғы Конституция мәтінінің тілі күрделі, аударма болғаны, калька көп болғанын тілге тиек етті.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституция жобасы "кейбіреулер айтып жүргендей бір-екі аптада емес" – жарты жылға жуық уақыт бойы әзірленгенін, азаматтардан көп ұсыныс түскенін, әрбір ұсыныс мұқият қаралғанын атап өтті.
"Бірнеше ай бойы жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік тілдегі Конституция мәтінінің оқылымы едәуір жеңілдеді. Бұл мемлекеттік тілде құқықтық терминология толық қалыптасқанын білдіреді. Осы орайда, Конституциялық комиссия құрылған кезде «Оның құрамында тіл мамандары мен журналистер не істеп жүр?» деген сын да айтылды. Бұл ретте, тіл мамандары мен журналистер Ата заң мәтінінің сапалы әрі түсінікті жазылуына зор үлес қосып жатыр. Демек, кейбіреулерді мазалаған сұрақтың жауабы да өздігінен белгілі болды ғой деп ойлаймын" деді Ерлан Қарин.
Ол әлеуметтік желіде Сәкен Сейфулиннің "қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай, іс оңбайды" деген қанатты сөзі жиі жарияланып жатқанын, "қазақ тілі кеңсе тіліне айналуы үшін әуелі Ата заң ұғынықты жазылуы керек" деді.
"Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тіл мәселесін ту етіп, ұрандатудан емес – осындай көзге көріне бермейтін, күрделі маңызды жұмыстан басталады" деді.
"Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы "35 жыл бойы қазақ тіліне аударылып алған негізгі заңмен өмір сүріп келе жатырмыз" деп онда тілге қатысты кемшіліктер көп екенін жеткізді.
"Яғни, халықтың ойлауы мен ұғынуы кеңістігі бір тілде, ал мемлекеттік іргетасы басқа тілде қаланды. Ұлттық ұстанымы тікелей емес, аударма арқылы берілді. Ең сапалы аударманың өзінде мағыналы реңктер жоғалады. Ұғымдар ығысады. Кей жағдайда құқықтық тепе-теңдіктер өзгереді. Ал негізгі заң үшін бұл аса қауіпті. Себебі бір ғана сөздің қате қолданылуы конституциялық норманың мәнін өзгертіп жіберуі мүмкін" деді ол.
Комиссия отырысында тілден де бөлек мәселелер талқыланды. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров "ұлттық валюта мәселесін Ата заңда бекітуді" ұсынды. Депутат Нұртай Сабильянов оның ұсынысын қолдап, мұның қаржылық тұрақтылыққа да әсері барын атап өтті. Конституциялық кеңестің жетекшісі, конституциялық соттың төрағасы Элвира Әзімова жиын соңында конституциялық жоба бойынша түскен ұсыныстар бойынша салыстырмалы кесте жасалатынын айтты. Ол комиссия түсіп жатқан ұсыныстарды әлі де қарастырып жатқанын жеткізді.
Қазақстанда өткен аптада жаңа Конституция жобасы жарияланды. Оның алдында конституциялық реформа жөнінде комиссия құрылып, Конституцияға түзетулер енгізілетіні хабарланған еді. Қоғамда конституциялық түзетулердің қысқа уақыт аралығында жаңа Конституцияға айналып кететіні сыналды.
Бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуінде Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғамдық талқылау жүргізу қажеттігін айтқан.
Елде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқан шақта белсенділер, сарапшылар, қолданушылар жобадағы 9-бап 2-тармақты алып тастасын немесе өзгертсін деген талап айтқан. Ол тармақта "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылған.
Бір күн бұрын осы талапқа арналған жиын алдында спикерлердің бірі ұсталып, кейін босатылды. Конституция жобасына қатысты пікірін айтқан журналистер Дина Елгезек пен Жалғас Ертай үйлеріне полиция келіп, желідегі жазбаларын өшіруді талап еткенін айтқан.