Шымкентте жоғары лауазымды полицей сотталды
Шымкентте аудандық полиция басқармасын басқарған лауазымды тұлғаға пара алды деген айып тағылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Істі Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады.
"Т. Шымкент полиция департаментінің Тұран ауданындағы полиция басқармасының басшысы бола отырып, қызметтік жағдайын пайдаланып, бұл басқарманың өндірісіндегі қылмыстық іс бойынша А.-ға қатысты әрекеттің саралануын жеңілдетіп беру үшін 6 миллион теңге көлемінде пара алған", – деп мәлімдеді сотта.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сот сараптамасының қорытындыларымен, заттай айғақтармен және іс бойынша жиналған өзге де дәлелдермен дәлелденді.
Прокурор жоғары лауазымды полицейге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыруды сұрады. Айыпталушы кінәсін мойындамай, сотта жауап беруден бас тартып, өзін ақтау туралы үкім шығаруды өтінді.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайлардың жоқ екенін және ауырлататын мән-жай ретінде қабылданған антты бұзуды ескерді.
"Сот, Т.-ны ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚК-нің 49-бабына сәйкес, Т. арнайы шенінен айырылды", – деп хабарлады сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!