Сарбаздардың өлімінен кейін министрлік мәлімдеме жасады
Қазақстан қорғаныс министрлігі бірнеше сарбаздың өлімінен кейін мәлімдеме жасады.
Ведомство өкілдері 28 қаңтар күнгі мәлімдемесінде қайғылы оқиғалардың “барынша ауыр екенін және өздерінің жауапкершілігін терең түсінетінін” жеткізген. Осы оқиғалардан кейін әскери тәртіпті бақылау күшейтіліп, қару-жарақты пайдалануға қатысты жарғылық талаптар қатаңдатылған.
Әскери бөлімдерге жеке құрамды кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссия жіберілген. Әскери полиция әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырып, сарбаздардың туыстарымен видеобайланысын жақсартқан.
Министрліктің айтуынша, сарбаздардың өлімінен кейін “Шығыс” аймақтық қолбасшылық жетекшісі, штаб бастығы мен оның орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сарбаз қаза болған бөлімнің командирі мен оның орынбасары, батальон командирі қызметтерінен босатылған.
Қазақстанда бір апта толмай жатып, елдің екі өңірінде: Өскемен мен Жамбыл облысында екі сарбаз қаза болды. Ресми ақпаратқа қарағанда, екі жағдайда да сарбаз өз-өзіне оқ атқан. Оқиғаларға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Әскерде сарбаз өлімі жиілеген тұста бас прокуратура елдегі әскери бөлімдердің қауіпсіздігі тексерілетінін мәлімдеді.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиілеп барады. Қазақстан ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін елдер қатарында. Сондай-ақ елде келісімшарт негізінде қызмет ету тетігі қарастырылған. Әскердегі қайғылы оқиғалар көбейген тұста толықтай келісімшарт үлгісін көшуге үндегендер болған. Бірақ қорғаныс министрлігі толықтай келісімшартқа өту бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтқан.
Әскери бөлімшелер сарбаздардың өлімін көбіне суицидпен, жеке отбасылық мәселелермен және денсаулық жағдайымен байланыстырады. Бірақ марқұм болған солдаттардың туыстары мұнымен келіспей, балалары кісі қолынан қаза тапты деп күдіктенеді.