Халық кеңесінің функцияларын Конституцияда бекіту ұсынылды
Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы жалғасып жатыр.
"Халық кеңесі мәселесіне келсек. Конституцияда Халық кеңесі мәртебесін бекіту мақсатында онда арнайы жеке бөлім қарастыру ұсынылады. Біріншіден, Халық кеңесі – ел халқының мүддесін білдіретін жоғары консультатив орган екені туралы нормаларды бекіту қажет. Сондай-ақ, оның құрамы мемлекет басшысы тарапынан ел азаматтарының арасынан қалыптасатыны көрсетілуі ұсынылады", – деді Ержан Жиенбаев.
Ол Халық кеңесінің негізгі өкілеттіктерін реттеу қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу бағыттары бойынша:
мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары;
қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту;
мемлекеттің қызмет қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету.
"Бұдан бөлек, Президент Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы берілуге тиіс екенін айтты, бұл Конституцияда тиісті түрде бекітуді талап етеді. Халық кеңесін құру тәртібі, құрамын қалыптастыру, өкілеттіктері және қызметін ұйымдастыру мәселелері жеке конституциялық заңмен айқындалады", – деді Жиенбаев.
Халық кеңесінің жоғары органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады.
"Осылайша, Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай сияқты тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды", – деп қосты ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!