Мораторий аяқталды - АИ-92 бензинінің бағасы не болмақ?
Қазақстанда АИ-92 бензині бағасын көтеруге жарияланған мораторий аяқталды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баға қалай өзгеретіні туралы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Шенеуніктің айтуынша, Энергетика министрлігі бағаның күрт өсуін күтіп отырған жоқ, алайда біртіндеп қымбаттауын жоққа шығармайды. Есімханов бұған дейін де жанар-жағармай нарығы еркін айналымға жіберілген кезде осындай жағдай болғанын және бағаның күрт көтерілмегенін еске салды.
"Бұл бәсекелестікке қарсы әрекеттерге жол бермеу үшін Энергетика министрлігі ғана емес, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, әкімдіктер мен басқа де мемлекеттік органдардың бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі", - деді вице-министр үкіметте өткен брифингте.
Сонымен қатар, Есімханов бағаны бақылау, оның ішінде нарықтағы шектен тыс табысқа жол бермеу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Дегенмен, ол жанар-жағармай құнының біртіндеп өсуі мүмкін екенін айтты.
"Шамалы өсім болуы ықтимал. Көрші елдерде жанар-жағармай бағасы айтарлықтай қымбат екенін көріп отырсыздар. Бірақ бағаның күрт шарықтауы болмайды деп ойлаймын", - деп толықтырды ол.
Мораторий
2025 жылғы қазанда Қазақстанда жанар-жағармай өнімдерінің бағасын өсіруге уақытша мораторий енгізілген болатын.
Энергетика министрлігі мәліметінше, мораторийдің басты принципі - АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек саудадағы бағасын 2025 жылғы 16 қазандағы жағдай бойынша әрбір жанар-жағармай құю бекеттері желілерінде қалыптасқан деңгейде бекіту болды. Бұл ретте ел бойынша бірыңғай шекті баға белгіленген жоқ.
Нәтижесінде ірі жанар-жағармай құю бекеттері желілерінде келесідей баға дәлізі қалыптасты:
АИ-92 - литріне 213-тен 239 теңгеге дейін;
дизель отыны - литріне 317-ден 337 теңгеге дейін.
Ведомство мораторий енгізу туралы шешім Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп қабылданғаннын хабарлады. Нарық қатысушыларына үкіметтің бағаны одан әрі өсіруге жол бермеу жөніндегі ұстанымы жеткізілді. Мораторийдің сақталуын бақылау Энергетика министрлігіне, әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтар мен нарық қатысушыларына жүктелді.
Сарапшылар АИ-92 бензині қазақстандықтардың басым бөлігі үшін жанар-жағармайдың негізгі түрі болып қала беретінін айтады, себебі елдегі автопарктің едәуір бөлігі дәл осы маркаға арналған көліктерден тұрады. Сондықтан оның бағасының кез келген өзгерісі халықтың өмір сүру деңгейі мен инфляцияға тікелей әсер етеді.