"Тоқалын сыйға тартқан" теолог пен одан сұхбат алған журналист әкімшілік жауапқа тартылды
Алматы қаласының полициясы әлеуметтік желіде жарияланған видеосұхбатты тексеріп, онда "заңғы қайшы келетін (соның ішінде әйелдерінің бірін шәкіртіне бергені туралы) пікірлер айтылғанын, сондай-ақ қоғамдық сана мен конфессияаралық келісімге кері әсер етуі мүмкін мәселелер қозғалғанын" анықтаған.
Осыған байланысты сұхбат берген адам мен журналист Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлады Алматы полициясының баспасөз қызметі.
Полиция дерегінше, сұхбатта өзін діни ағым өкілі ретінде таныстырған азаматқа Алматы қаласы Дін істері басқармасы айыппұл салған. Полиция видеосұхбат авторы журналисті де әкімшілік жауапқа тартып, оған айыппұл кескен. Полиция мәліметінде айыппұл арқалаған екеудің аты-жөні аталмаған. Тек сұхбат берген азаматтың "ресми діни қызметкерлер қатарына жатпайтыны" жазылған.
Осыдан екі апта бұрын "Байсеміз LIVE" YouTube- арнасының авторы Жанар Байсеміз Құрбанәлі Ахмет Ишан есімді адамнан алған видеосұхбатты жариялап, ол әлеуметтік желіде қызу талқы туғызды. Содан бері 350 мыңнан астам рет көрілген сұхбатта Құрбанәлі Ахмет екінші әйелін қайын атасы "сыйға тартқанын", кейін отбасындағы жанжалдан соң әйелімен ажырасып, оны шәкіртіне тұрмысқа бергенін мәлімдеген.
Бұрынғы әйеліне шәкірттерінің арасынан таңдау жасауға мүмкіндік бергенін айтқан Құрбанәлі Ахмет қатты сынға қалды. Сұхбат қоғамдағы әйел мәртебесі, діни дискурс және цифрлық платформалар жауапкершілігі туралы кең ауқымды пікірталасқа ұласты. Оның сөзін әйелді "тауар ретінде қарау" және оның құқығын аяққа таптау деп бағалаған, мұндай пікірге журналистің мінбер ұсынғанына сын айтқандар көп болды. Сонымен бірге Байсемізді кәсіби журналист, Ахметті білікті теолог ретінде қорғаған пікірлер де кездесті.
Даудан кейін журналист Жанар Байсеміз әлеуметтік желідегі парақшасына: "Ешкіммен жауласқым да, дәлелдегім де, ақталғым да келмейді. Бәрі өткінші", деп қысқа пост жазды.
Қазақстан заңына сәйкес, діни неке қию рәсімі азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында ресми тіркелген неке куәлігі болған жағдайда ғана өткізіледі. Биыл 15 наурызда жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған Конституцияның жаңа редакциясында "неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы" деген бап бар. Заң бойынша, Қазақстанда екі және одан көп әйелмен некеге тұруға рұқсат жоқ.
Қазақстанда әйелге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы кейінгі жылдары қоғамдағы көкейкесті мәселе ретінде алдыңғы қатарға шықты. Кей деректерге сәйкес, елде жыл сайын шамамен 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан қаза табады. Әйелге әлімжеттік жасау істерінің елеулі бөлігі сотқа дейін жетпейді дейді құқық қорғаушылар.
Бұл мәселе әсіресе 2024 жылы Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін одан сайын өзекті бола түсті. Оның өліміне кінәлі деп танылған бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталғаннан кейін қоғамда әйел құқығы мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейту талабы артты.