Сатып алып, көміп тастаған: Солтүстікте ауыл әкіміне қатысты дау шықты
Солтүстік Қазақстан облысында ауыл әкімі бюджет қаражатына егуге жарамсыз 100 мың көшет сатып алып, оларды көктемге дейін сақтау үшін әкімдік алдындағы мұз қатқан жерге көміп тастаған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тимирязев ауданы Тимирязев ауылдық округінің әкімі Мақсат Нұрикеновке қатысты тәртіптік іс 18 наурызда Петропавлда өткен әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Қызметтік тексеріске аудандық прокуратураның ұсынысы негіз болған.
"2025 жылғы 5 қарашада Тимирязев ауылдық округінің әкімі Нұрикенов пен жеке кәсіпкер арасында жалпы соммасы 4 миллион теңгеге 100 000 дана үйеңкі көшетін сатып алу туралы мемлекеттік сатып алу шарты (бір көзден алу тәсілімен) жасалғаны анықталды. 19 қарашада тапсырыс беруші жеткізушіге барлық соманы аударған, бірақ жеткізілген көшеттердің техникалық ерекшелік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттары болмаған", - деді СҚО Мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Диана Салғарина.
Фотоны СҚО Тимирязев ауданының прокуратурасы ұсындыЖеткізушіде сәйкестік сертификаты, фитосанитарлық анықтама, көшеттердің шығу тегі туралы құжат, олардың саны туралы мәлімет те болмаған.
Кейін Тимирязев ауданының прокуратурасы мамандармен бірлесе отырып, көшеттердің егуге жарамсыз екенін анықтады.
Фотоны СҚО Тимирязев ауданының прокуратурасы ұсынды
"Көшеттер тамырының ұзындығы техникалық ерекшелікте көрсетілген талаптардан қысқа. Бір жылдық көшеттердің бүршіктері толық қалыптаспаған және үсік шалу салдарынан ішінара немесе толық зақымдалған. Тексеруге ұсынылған көшеттер орманды молайту және орман өсіру үшін егуге жарамсыз", - деп Диана Салғарина мамандардың қорытындысын келтірді.
Тимирязев ауылдық округінің әкімі Мақсат Нұрикенов тауарды тиісті құжаттарсыз қабылдап, ақысын төлегенін мойындады.
Тимирязев ауылдық округінің әкімі Мақсат Нұрикенов. Фото Tengrinews.kz
Ол өз әрекетін мұндай тауарды алғаш рет сатып алғанымен және қандай құжаттар қажет екенін тек прокуратураның ұсынысынан кейін білгенімен түсіндірді.
"Сіз мемлекеттік қызметте көптен бері жұмыс істейсіз! Осыншама еңбек өтіліңіз бола тұра, кез келген сатып алу кезінде құжаттар, шығу тегі туралы сертификат қажет екенін түсінуіңіз керек еді. Өнім туралы ештеңе білмей тұрып оны қалай қабылдадыңыз? Тексеруші органдарға оны кімнен алғаныңызды қалай дәлелдейсіз? Мүмкін үйіңізден әкелген шығарсыз", - деді Солтүстік Қазақстан облысы әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Ержан Қарымсақов.
Кеңес мүшелерін көшеттердің қарашада, яғни аймақта аяз басталып, жерге мұз қатқан кезде сатып алынғаны да ашуландырды.
Фотоны СҚО Тимирязев ауданының прокуратурасы ұсынды
"Қарашада сатып алудың не қажеті болды? Егер сақтау жағдайлары, мысалы, жылыжай қарастырылған болса, түсінуге болар еді. Бірақ сіз көшеттерді жай ғана ауылдық округ әкімдігінің алдындағы учаскеге, жерді қазып, сонда үйіп көме салғансыз... Бұл көшеттер түкке жарамайды", - деп түйіндеді Ержан Қарымсақов.
Фотоны СҚО Тимирязев ауданының прокуратурасы ұсынды
"Ауылдық округтердің бюджеті онсыз да аз, ал ақшаны бұлайша оңды-солды шашу..." - деген кеңес мүшелері ауыл әкіміне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды бірауыздан қолдап дауыс берді.
Айта кетейік, әдеп жөніндегі кеңестің осы отырысында аудандық әкімдік бөлім басшысының орынбасары да тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ол қызының мұғалімімен сөйлесу үшін мектепке қызметтік көлікпен барған.